Қылмыстық іс, кәнсіл және шырылдаған ана: интим видеосы тараған асабаның дауы ушықты

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

«Хан» лақап атымен танылған ақтаулық блогер әрі асаба мен оның әйелінің желіде тараған жеке видеосының төңірегінде шу әлі басылар емес. Ұятты видеоны таратты деген күдікпен кәмелетке толмаған мобилограф тергеліп жатыр. Ал қоғам белсенділері асабаны той жүргізуден шеттетуді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КІМ КІНӘЛІ?

Блогер мен оның жұбайының жатын бөлмеде түсірілген видеосы түрлі пабликтерде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Асабаның айтуынша, видеоны әйелі екеуі жеке мақсатта түсіріп, кейін оны жасырын файлға сақтап қойған. 

«Жұртты шулатып жатқан видеоны жеке мақсатта, өзіміз үшін түсіргенбіз. Оны көпшілік «хайп үшін өздерің тараттыңдар» деп жатыр, бірақ бұлай хайп жасайтын біз де ақымақ емеспіз. Оның бәрін менің жеке мобилографым таратып жіберген. Ол менің телефонымның құпиясөзін білетін еді», – деп ақталды ол.

Блогердің жары видео тарағаннан кейін бейтаныс ер адамдардан әдепсіз хабарламалар келіп жатқанын айтып, тіпті суицид туралы ойлағанын жеткізді. Ол жұрттан видеоны көрмеуді және әрі қарай таратпауды сұрады.

«Мен – әйелмін, анамын. Бәрі күйеуімнің рұқсатымен болды, біз жаман оймен жасаған жоқ едік. Біздің балаларымыз, ақ некеміз бар. Кінәлі жазасыз қалмайды. Маған түрлі адамдар, арасында ер адамдар ұялмастан жазып жатыр. Мен күйеуі бар әйелмін, тіпті арасында өзіме қол салу туралы ой келіп жатыр. Тоқтатыңыздар. Видеоны көрмеңіздер, өшіріп тастаңыздар», – деп жалынды ол.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша жедел шаралар қабылданғанын хабарлады. Ерлі-зайыптылар құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Ведомствоның мәліметінше, WhatsApp мессенджері арқылы жеке видеоны заңсыз тарату фактісі тіркелген.

Аталған іс бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабы ("Жеке өмірге қол сұғу және жеке мәліметтерді заңсыз тарату") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ерлі-зайыптының мобилографы болып жұмыс істеген Ақтау қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны ұсталды. Полиция оның тергеліп жатқанын мәлімдеді.

«БАЛАМНЫҢ БОЛАШАҒЫ НЕ БОЛАДЫ?»

Істі болған жасөспірімнің анасы да желіде өз шындығын айтты. Әйелдің сөзінше, 16 жастағы ұлы жұмыс берушісінің телефонынан жабық видеоларды ұрлауы мүмкін емес.

 «Видео жібергенде кетіп қалыпты дейді. Неге ол жіберген видеоларын қарамайды? Енді бізге кешірім сұрап видеоға түсіңдер деп жатыр. Біз бас тарттық. Балам ҰБТ-ға дайындалып жүр еді. Баламның болашағы не болады? 16 жастағы балаға ақпан айында 20 күн жұмыс жасатты. Үш күн ғана барды. Сонда ақшасын бермеген. Таксиінің ақшасын да бермеген. Айдалада балам мұздап, өзім такси шақырдым. Сол кезде балама осы жұмыста жасамай-ақ қой дедім. Енді соңы осылай болды. Ол телефоннан балам видеоларды аша алмайды ғой. Телефонды ашу үшін өзінің түрі керек емес пе камераға. Оны балам аша алмайды. Қалай жіберді?», – дейді анасы.

Алайда асаба жасөспрімінің анасының бұл сөзін жоққа шығарып, мобилографқа жұмыс барысында телефонының құпиясөзін айтқанын мәлімдеді. Айтуынша, жасөспірім телефонында интим видеоның болғанын және оны досына көрсеткенін мойындаған.

«ТОЙ БАСҚАРУЫНА ҚАРСЫМЫЗ»

Осы оқиғадан соң желіде гулеген әңгіме маңғыстаулық өнерпаздардың шамына тиіпті. Өңірдегі өнер өкілдері видеоүндеу жасап, “Хан” лақап атымен танылған Қасым есімді асабаны той жүргізуден шеттетуді талап етті. Сондай-ақ,олар айыпталып жатқан жасөспірімнің тағдырына бейжай қарамауды сұрады.

«Адам айтуға ауызы бармайтын видеоны түсіріп, ел арасына таратқан. Бұл азамат Маңғыстау өнерінен, елі мен жерінен тәлім-тәрбие алған азамат емес. Ол Маңғыстау өлкесінде туған да емес. Қазір «бір қарын майды, бір қумалақ шірітеді» дегендей әлеуметтік желіде Маңғыстау асабаларына, өнерпаздарына қатысты үлкен сын әңгімелер айтылып жатыр. Біз оған қарсымыз. Ондай азаматтың той-мереке басқаруға мүмкіншілігі жоқ. Және осы видеоны таратты деп, айыпты болып жатқан жасөспірім азаматтың да болашағы бізді ойландырады. Осының барлығы тексеріліп, зерделеніп, ондай айыпсыз адам жазаға тартылмау керек. Осы видеоны тарату жағы зерделеніп, нағыз айыпты адам ғана жазасын алу керек. Біз ондай азаматтың өнер жолында, той-мерекеде, халықтың алдында жастарды тәрбиелеп, оларға ұлағатты сөз айта алмайтынына сенімдіміз және оның той басқаруына қарсымыз», - делінген үндеуде.