Астанада пара алған мұғалім мен полиция қызметкері сотталды

Ulysmedia

Бұл туралы қаланың Алматы ауданының №2 аудандық соты мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

"2023 жылғы 2 ақпанда Алматы ауданының №2 сотында полиция басқармасының Көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы Н. мен колледж оқытушысы К.-ға қатысты айыптау үкімі жарияланды. 2020 жылдың ақпан айынан 2021 жылдың желтоқсан айына дейін Астана қаласында полиция басқармасының Көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы Н. бірнеше рет алаяқтық жасады және өзінің қызметтік өкілеттігіне кіретін заңсыз әрекеттері  –  жеке куәліктерін ауыстыру кезінде азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін, тұрғын үй иесінің жазбаша келісімінсіз тұрғылықты жер бойынша тіркеуді ресімдегені үшін пара алған", - делінген сот хабарламадасында.

Мұғалім өз кінәсін толық мойындаған, істеген ісіне өкінетінін жеткізген. Алайда көші-қон қызметінің қызметкері өзіне тағылған айыптың бәрін жоққа шығарды.

Сондай-ақ, сот мұғалімнің бес жас баласы бар екенін, кінәсін мойындағанын, шын жүректен өкінгенін, сондай-ақ полиция қызметкерінің жүктілігін ескеріп, жазаны жеңілдеткені хабарланды.

"Пара алуда және алаяқтықта Н.-ның кінәсі дәлелденуіне байланысты (366-баптың 3-бөлігі 4-тармағы, ҚК 190-бабы 3-бөлігі 2,4-тармағы) сот Н. - ға пара сомасының 60 еселенген мөлшерінде айыппұл тағайындады, бұл – 3,3 млн теңге. Н."полиция капитаны" арнайы атағынан айырылды. К. пара бергені үшін кінәлі деп танылды (ҚК 367-бабы 3 - бөлігі 3-тармағы) және  50 еселенген пара сомасының үштен екісі мөлшерінде айыппұл салуға үкім шығарылды, бұл 500 мың теңгені құрайды", - деп атап өтті сот.

Екі әйел де өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.