Азия даму банкі жылу-энергия жүйесін дамытуға 5,5 млрд доллар қарыз береді

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Азия даму банкінің Бас директоры Евгений Жуков кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КЕЗДЕСУ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

Келіссөздердің басты нәтижесі – 2026-2029 жылдары Қазақстанда жалпы құны шамамен 5,5 млрд доллар болатын 15 жобаны іске асыру туралы меморандум. Қаражат энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталмақ.

Негізгі басымдықтар:

  • жылумен жабдықтау жүйесін жаңарту;
  • ЖЭО, қазандықтар мен жылу желілерін модернизациялау;
  • электр желілерін дамыту және цифрландыру (Smart Grid);
  • энергия сақтау жүйелерін енгізу;
  • жаңартылатын энергия көздері артқан жағдайда жүйенің тұрақтылығын күшейту.

ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ПАКЕТ

Сондай-ақ тараптар декарбонизация, газ инфрақұрылымы және жылу энергиясын жинақтау технологияларын енгізу мәселелерін талқылады.

Жобаларды қаржыландыруда жеке инвестиция тарту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және тарифтік саясатты жетілдіру тетіктері де қарастырылып отыр.

Жалпы, келісім энергетика секторын жаңартуға және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған ірі инвестициялық пакет ретінде бағаланады.