Белгілі мәдениеттанушы ғалым Зира Наурызбай қазақ күйлерінің жиын-тойларда орынсыз тартылып жүргенін сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚУАНЫШҚА ЕМЕС, ҚАЙҒЫҒА ШЫҒАРҒАН КҮЙЛЕР
Құлақ күй жобасына берген сұхбатында мәдениеттанушы күй өнері туралы маңызды ойлар айтты.
Қазақтардың қаншалықты күйді түсінбей кеткенін оған контекстсіз қарайтынынан білуге болады. Мысалы, үйлену тойында жастар ортаға шыққан кезде «Аққу» күйі тартылады. Қазақы дәстүрге жақынмын дейтін қазақтың бәрі осы күйді қояды. Бірақ «Аққу» күйі трагедиялық махаббатқа негізделіп шығарылған. Жас жұбайлар енді ғана некесін қиып жатқанда, не үшін ондай күй тартады,– дейді жазушы Зира Наурызбай.
Мәдениеттанушының айтуынша, құдалар кіргенде «Ыңғай төкпе» күйі қойылады. Бұл күй ата-бабаларымыздың, көшпенді өркениеттің реквемі іспетті күй. Қалай құдаларды сондай күймен қарсы алуға болады.
Айта кету керек, “реквием” қайтыс болған адамды еске алу, аза тұтуға арналған шығарма немесе музыкалық туынды деген мағынаны білдіреді.
Тойда ет әкеліп, табақ тартқан кезде «Адай» орындалады. Бұл миға сыймайтын үрдіс. Әрі қарай да жалғаса береді,– дейді жазушы.
«КОНТЕКСТІ ТҮСІНУГЕ ҰМТЫЛМАЙДЫ»
Жақында мәдениеттанушы Астанадағы танымал этно ресторандардың біріне барыпты. Бірақ залдардың атауын көргенде таңқалыпты.
Барлық залға күйлердің аты беріліпті. Бірақ бір залға «кішкентай» деп атау қойыпты. Мүмкін балаларға арналған ойнайтын жер шығар. Түсінбедім. Тағы бір зал «Жазғы қайғы» деп аталады. Бұл Тәттімбеттің күйі. Жазда қазақтар жайлауға көшкенде жер мен су үшін екі ауыл қырық пышақ болады. Ал Тәттімбет би болғаннан кейін сондай дау-дамайды көп шешкен. Содан жаз шыққанда қазақтың мына төбелесі шаршатты деп «Жазғы қайғы» деген күй шығарады. Еліміздегі ең танымал ресторан қалай залына осындайатау берген? Өздерінше дәстүрімізді дәріптейміз деп күйлердің атын залдарға қойған. Бірақ контексті ойлауға деңгейлері жетпеген. Ақылдасуға да тырыспаған,– дейді жазушы Зира Наурызбай.