«Хан» лақап атымен танылған ақтаулық асаба мен оның жұбайының интим видеосын желіде таратушылар азаяр емес. Тiktok-та арнайы парақша ашып, Telegram-да жабық арнаға жүктеп, жұрт қызығушылық танытқан бейнежазбаны табыс көзіне айналдырғандар да бар.
Балалардың қауіпсіздігі, жеке құқықтар және қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетіне қатер төндіретін осындай оқиғалар үшін ел заңнамасында қандай жауапкершілік көзделген? Заңгерден сұрадық.
МОБИЛОГРАФҚА ҚАНДАЙ ЖАЗА БЕРІЛУІ МҮМКІН?
Бұған дейін «Хан» лақап атымен танылған шоумен мен оның келіншегі видеоүндеу жасап, тараған бейнежазбаның шынайы екенін растаған және оны әрі қарай таратуды, сондай-ақ өздеріне бағытталған қудалауды тоқтатуды сұраған. Олар бұл жағдайды жеке өмірге қол сұғу деп атады. Ерлі-зайыпты бейнежазбаны телефонның құпиясөзін білетін мобилограф таратты деп мәлімдеді.
Желіні шулатқан видео кейіпкерлерінің шағымы бойынша полицейлер жеке бейнені мессенджерлер арқылы заңсыз таратты деген күдікпен 16 жастағы жасөспірімнің ұсталғанын хабарлады. Заңгер Мұхамедияр Дүйсенғали мобилографтың қасақана әрекеті мен келтірілген зиян дәлелденсе, қандай жаза қолданылуы мүмкін екенін айтты.
«Мобилографтың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы – Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу бойынша сараланады. Егер ол интим видеоны рұқсатсыз таратса, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Бейнежазбаның интернет арқылы таратылуы жазаны ауырлататын мән-жайларға жатады. Сонымен қатар, егер сараптама қорытындысы бойынша материал порнографиялық сипатта деп танылса, ҚР Қылмыстық кодексінің 311-бабы бойынша да қосымша жауапкершілік туындайды. Яғни, екі бап қатар қамтылады. Айыпталушының кәмелетке толмауы оны жауапкершіліктен босатпайды, бірақ жаза тағайындауда жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескеріледі», - деп түсіндірді маман.
«ӨЗ ӨМІРІМІЗ, ӨЗ ЕРКІМІЗ ДЕГЕН ҰҒЫМ ЖОҚ»
Желіде жатын бөлмеде түсірілген видеоны асаба мен әйелі «хайп» үшін әдейі таратқан деп жазып жатқандар көп. Мұхамедияр Дүйсенғали бұл нұсқаға да тоқталды.
«Егер видеоны кейіпкерлердің өздері таратқаны дәлелденсе, олар да ҚР ҚК 311-бабы бойынша жауапқа тартылады. Айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыру жазасына дейін тағайындалуы мүмкін. Өз өміріміз, өз еркіміз деген ұғым бұл жерде жүрмейді. Себебі Қазақстан заңнамасы бойынша порнографиялық контентті тарату қоғамдық моральға қарсы құқық бұзушылық болып есептеледі», - дейді заңгер.
ОҢАЙ ТАБЫСТЫ КӨЗДЕГЕНДЕР
TikTok-та және Threads-та «Хан асабаның видеосы бар» деген жарнамалардан көз сүрінеді. Қолдарына түскен бейнежазбаны 200 теңгеден бастап 2000 теңгеге дейін саудалап жатқандар бар. «Хан видео» деген атаумен ашылған парақшалар ақысын төлесең, жабық Telegram-арнаға сілтеме ұсынуға немесе материалды жекеңе жіберуге дайын. Мұхамедияр Дүйсенғали заңға қайшы контент арқылы оңай ақша табуды көздеушілер де жазаланатынын айтады.
«Егер тұлғалар видеоны сатуға ұсынса, арнайы парақшалар, пабликтер ашу арқылы таратса, олардың әрекеті 311-бап бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде қарастырылады. Мұндай әрекеттер ұйымдасқан түрде тарату, табыс табу мақсатында сату болып бағаланады. Бас бостандығынан айыру жазасына дейін апаруы мүмкін», - дейді маман.
ЕШКІМ ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Заңгер Қазақстанда порнографиялық материалдарға қатысты әрекеттер қатаң бақыланатынын ескертті.
«Порнографиялық контентті дайындау, әлеуметтік желілерде жариялау, платформаларда сату – бәрінің жауапкершілігі бар. Кейіпкерлер өздері үшін түсірсе де, пиар үшін таратса да, болмаса, үшінші тұлғалар қасақана таратса да, оны іліп әкеткендер табыс табу үшін пайдаланса да – бәрі 311-бап бойынша жауапқа тартылады. Тергеу нәтижесі мен сараптама қорытындысы қылмыстың құрамы бар-жоғын анықтайды. Содан кейін істің ауырлығына қарай айыппұлдан бастап бірнеше жылға бас бостандығынан айыру жазасына дейін кесілуі мүмкін. Интернет арқылы таралғаннан кейін оның қаралымы көп болатыны түсінікті. Сондықтан жаза ауырлауы мүмкін. Мәселен, заңда «2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді» деп жазылса, айыпталушы жеңілдетілген мән-жайлар арқылы 1,5 жылға сотталуы мүмкін. Ал ауырлататын мән-жайлар бойынша 4 жыл немесе 5 жыл берілуі мүмкін», - деп түйіндеді маман
Еске салайық, бұдан бұрын интим видеоны таратты деген күдікпен ұсталған жасөспірімнің анасы желіде өз шындығын айтты. Әйелдің сөзінше, 16 жастағы ұлы жұмыс берушісінің телефонынан жабық видеоларды ұрлауы мүмкін емес.
Сондай-ақ, осы оқиғаға байланысты Маңғыстау асабалары мен өнерпаздары видеоүндеу жасап, «Ханды» той жүргізуден шеттетуді талап етті. Олар айыпталып жатқан жасөспірімнің тағдырына бейжай қарамауды сұрады.