«Жездуханың» актері вице-президент болып тағайындалды

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Жайдарманшы, «Жездуха» сериалымен танылған актер  Мансар Орынхан Түркістан облысы күрес федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«БАР КҮШ-ЖІГЕРІМДІ САЛАМЫН»

Бұл туралы актер желідегі парақшасына жазды. 

Түркістан облысы күрес федерациясының вице-президенті (медиа саласы бойынша) қызметіне тағайындалдым. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі сенім. Көрсетілген қолдау үшін Түркістан облысы күрес федерациясына және Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымды білдіремін,– деді Мансар Орынхан. 

Ол алдағы уақытта күрес спортын кеңінен насихаттайтынын айтты. Сонымен қатар федерацияның имиджін арттыру және медиа бағытты жаңа деңгейге көтеру жолында бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

Жинақтаған тәжірибем мен шығармашылық көзқарасымды осы салаға бағыттап, бірлесе отырып нәтижелі жұмыс атқарамыз деп сенемін. Басты мақсат – ұлттық спорттың беделін көтеріп, жас буынға мотивация беру. Алда үлкен жұмыстар бар,– дейді актер. 

ХАЛЫҚ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?

Дегенмен актердің жанкүйерлері тосын жаңалыққа таңырқай қарауда. Бірі Мансар үшін қуанышты екенін, оның бұл қызметке лайық екенін жазса, енді бірі: «Күрестен хабары жоқ адамдар жиналғанша, Ақжүрек Таңатаров сияқты мықтыларды қою керек», «Ұят болады, осы жерден тоқта», «Басқа адам табылмады ма?» – деп сын айтуда.