Жанәбіловтерден үй ұтып алған отбасы үндеу жасады

Анар Лепесова
Ulysmedia.kz коллажы

Істі болған ерлі-зайыпты Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ұйымдастырған марафонда пәтер ұтып алған отбасы блогерлер жайлы пікір білдіріп, оларды алаяқтар деп айыптаушыларға үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ТАНЫСЫ, ТУЫСЫ ЕМЕСПІЗ»

Ғалымжан Бөрібеков Жанәбіловтерді қаралап жатқан көпшіліктің пікірін оқып, шыдай алмай кеткенін айтады.

«Әлеуметтік желілерді ашсаңыздар, тек солардың соты жайлы жазылып жатыр. Пікірлерді оқысаң, «олар алаяқтар, ешкімге ештеңе бермеген, берсе де өз таныстарына берген» дейді көпшілік. Негізі олай емес. 2023 жылғы марафондарында көптеген сыйлықтар ойнатылды. Ең басты сыйлық – пәтер бізге бұйырды», - дейді Ғалымжан Бөрібеков.

Айтуынша, блогерлер оның отбасына «Мечта» тұрғын үй кешенінен бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстапты.

«Біз бұл пәтерді бір жыл бұрын сатып, баспанамызды үлкейттік. Айтайын дегенім, ұтыс әділ болған. Біздің оларға еш қатысымыз жоқ. Танысы да, туысы да емеспіз», – дейді ұтыс иегері.

Ғалымжан өзі де бұрын мұндай ұтыстарды шынайы емес деп ойлағанын, кейін пікірін түбегейлі өзгергенін жеткізді.

«Бұларды алаяқ, өтірікші деп жазып жатқандар өте көп. Бұлай жазатындар – көреалмайтындар, іші тарлар деп ойлаймын», - дейді ол.

ПӘТЕР 24 МЛН ТЕҢГЕГЕ САТЫЛҒАН

Бөрібековтің сөзін келіншегі де растады.

«2023 жылы Жанәбіловтерден осы пәтерді ұтып алғанымыз рас. Сол кезде бізді де блогерлердің өз адамы дегендер болды. Бұл пәтерде біраз уақыт тұрып, кейін қасынан 3 бөлмелі пәтер алдық. Әлі күнге дейін балаларымыз осы алаңқайға келіп ойнап тұрады», – дейді ол.

Ғалымжан мен жұбайы Жанәбіловтердің қарапайым, қолы ашық адамдар екенін атап өтті.

«Олар тіпті пәтерді біздің атымызға аударған кезде нотариус шығындарына дейін өздері көтерді. Өте қарапайым отбасы. Бетпе-бет кездестік, үйде қонақта болды. «Жақсының жақсылығын айт» деген сөз бар,  өте жақсы кісілер. Пәтерімізге шашуларын шашып, сыйлықтарын алып келді. Қолдары ашық адамдар», - дейді ерлі-зайыпты.

Отбасы Жанәбіловтерден ұтып алған пәтерін 24 млн теңгеге сатыпты.

«Қазіргі заманда 24 млн тұрмақ 24 мың теңгенің өзін ешкім тегіннен-тегін бере салмайды», - дейді Ғалымжан Бөрібеков.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Еске салайық, 2025 жылғы 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты ерлі-зайыпты Жанәбіловтерге қатысты әкімшілік істі қараған. Заңсыз лотерея өткізу дерегі бойынша іс тоқтап, қылмыстық құқықбұзушылық белгілеріне байланысты материалдар экономикалық тергеу департаментіне жолданған.

Қаржы мониторингі агенттігі мәліметінше, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты сенімге кіріп, заңсыз табыс тапқан.

Бұған дейін Төлегенова денсаулығының нашарлауына байланысты сот отырысына келе алмаған. Адвокаты сотқа медициналық анықтама ұсынды.

24 сәуірде сот алдындағы соңғы сөзінде Төлегенова көзіне жас алып, болған жайт үшін жауапкершілікті толық түсінетінін айтты. Сондай-ақ,  процессуалдық келісім жасау жөнінде өтініш білдірді.

«Болған оқиғаға қатысты жауапкершілікті толық түсінеміз. Бұл біз үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Заңды бұзғанымыз үшін шын жүректен өкінеміз. Бас бостандығымыздан айырмайтын жаза тағайындауды сұраймыз. Өз құқығымды пайдалана отырып, сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдіремін. Оның барлық шарттары мен салдары бізге түсіндірілді», – деді ол.