Шорт-тректен ұлттық құрама көшбасшыларының бірі, белгілі спортшы Абзал Әжіғалиев үйленді. Жас жұбайлар неке қию рәсімін мұз үстінде өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СПОРТШЫНЫҢ ЖАРЫ КІМ?
Қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев өміріндегі маңызды кезең – үйлену тойын атап өтті. Спортшы шаңырақ көтеріп, отбасын құрды.
Cалтанатты рәсім Мұз сарайы ғимаратында, Орал қаласында ұйымдастырылды. Спортшының таңдауы журналист Дильназ есімді аруға түскен.
Өмірімнің көп бөлігі мұз айдынында өтті. Тіпті, мұз менің екінші үйіме айналды деуге болады. Сондықтан осы күнді ерекше өткізгім келді. Сол себепті неке қию рәсімін дәл сол жерде: мұз үстінде, конькимен өткізуді шештім. Бұл үшін мен өзімнің алғашқы мұз сарайымды таңдадым, дәл осы жерде менің жолым басталып, алғаш рет коньки тепкен едім, – деп жазды ол әлеуметтік желіге.
АБЗАЛ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ
Абзал Әжіғалиев –Қазақстандағы шорт-трек спортының ең тәжірибелі өкілдерінің бірі. Ол төрт бірдей қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан.
Спортшының ең жоғары нәтижесі – 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында 500 метр қашықтықта 4-орын иеленуі.
Сонымен қатар, Әжіғалиев екі рет Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы болды. Ол бұл мәртебеге 2018 жылғы Қысқы Олимпиада және 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ашылу салтанаттарында ие болды.
Тағы бір тарихи жетістігі – Абзал Әжіғалиев Қазақстан тарихында шорт-тректен Әлем кубогы кезеңінде алтын медаль жеңіп алған алғашқы спортшы. Ол бұл жеңіске 2016 жылы Солт-Лейк-Сити қаласында өткен жарыста 500 метр қашықтықта қол жеткізді.