Туризм және спорт министрлігі Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына жаңа басшы тағайындады. Бұл қызметті бұған дейін бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев атқарған болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА БАСШЫ КІМ?
Туризм және спорт министрлігінде өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы лауазымына ұсынылған кандидатура қаралды.
“Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мүшелері Алматы облысының Олимпиадалық резервтерді даярлау орталығының басшысы Нұркен Нұратовтың кандидатурасын мақұлдады. Кандидаттың спорт саласындағы тәжірибесі мол. Оның кәсіби жолы, басқарушылық тәжірибесі және өңірде спортты дамытуға қатысты ұстанымы комиссия тарапынан жан-жақты зерделеніп, нәтижесінде оң шешім қабылданды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, өңірлік спорт басқармаларының басшылығына кандидаттарды жергілікті атқарушы органдар ұсынады. Ал тағайындау Туризм және спорт министрлігі жанындағы комиссияның келісімінен кейін ғана жүзеге асырылады.
СЕРІК СӘПИЕВ НЕ ҮШІН КЕТТІ?
Айта кету керек, бұған дейін Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов төбелесіп қалған болатын.
Кейінірек екі тарап та жанжалдың толық шешілгенін, барлық жұмыс мәселелері қызметтік тәртіп аясында реттелгенін хабарлады.
Ал наурыз айының басында әріптесімен төбелестен кейін қызметінен кеткен олимпиада чемпионы Серік Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды.