«Біз масыл емеспіз!»: Аутизм қауымдастығы Бектеновке үндеу жасады

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Autism Kazakhstan ұлттық қауымдастығы премьер-министр Олжас Бектеновке үндеу жариялады. Олар 2 және 3 топтағы мүгедектігі бар адамдар жәрдемақыдан қағылады деп алаңдаулы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

“ЖҰМЫСҚА ҚАЛАЙ ШЫҒАМЫЗ?”

Қауымдастықтың айтуынша, жақында әлеуметтік желілерде Олжас Бектеновтің «екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар тұрақты күтімді қажет етпейді» деген сөзі тараған.

– Біз – осы санаттағы, соның ішінде менталдық бұзылыстары бар балалар мен ересектердің ата-аналары – бұл пікірмен мүлде келіспейміз және мұндай көзқарасты қайта қарауды талап етеміз. Әлеуметтік саясаттағы тиімсіз шешімдер мен кемшіліктер үшін неге мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасылары жауап беруі керек? Бұл әділетті ме? Біз масыл емеспіз! Біз де жұмыс істеп, елімізге пайда әкелгіміз келеді. Бірақ қалай жұмысқа шығамыз? Егер мемлекетте балаларымыздың дамуына және толыққанды өмір сүруіне жағдай жасалмағандықтан, біз оларды үйде күтуге мәжбүр болсақ. Олар 18 жасқа толғаннан кейін де күтімді жалғастырамыз. Соған қарамастан бізді еңбек өтілінен және жәрдемақыдан айырады,– деп хабарлады Autism Kazakhstan ұлттық қауымдастығы. 

Олардың пікірінше, Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесі толық қалыптаспаған, кәсіби оқыту, жұмысқа орналастыру, реабилитация және әлеуметтендіру жүйелері жеткіліксіз. Шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына қолжетімділік жоқ. Ғылыми дәлелденген әдістемелері бар мемлекеттік түзету орталықтары жетіспейді. Мамандар тапшы, әрі оларды дайындау жүйесі жолға қойылмаған.

– Қажетті мамандардың барлық қызметі ақылы және өте қымбат. Әсіресе ауылдық жерлерде жағдай қиын. Ата-аналар қолдан келгенше күн көруге мәжбүр. «Аутизм Қазақстан» қауымдастығында жүйелі шешімдер бар – бұл аутизм спектрі бұзылыстары мен менталдық бұзылыстар бойынша Ұлттық ресурстық орталық құру. Бірақ біз Үкіметке өз ұсыныстарымызды жеткізе алмай отырмыз,– дейді қауымдастық. 

Autism Kazakhstan ұлттық қауымдастығының айтуынша, егер нақты шаралар қабылданбаса, жағдай жыл сайын ушыға береді. Дамуында кідірісі бар, аутизм диагнозы қойылған балалар саны күрт өсіп жатыр. Министрліктердің әдемі есептері шынайы жағдайдан алшақ. Шешілмеген мәселелер өте көп.

ЖӘРДЕМАҚЫ ҚАЙТА ҚАРАСТЫРЫЛУДА

Еске сала кетейік, елімізде 2 және 3 топтағы мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақы тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында бұл санаттағы азаматтар, әдетте, тұрақты күтімді қажет етпейтінін атап өтті. Ал дәл осы критерий жәрдемақы тағайындауда негізгі фактор болып табылады.

«Екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға қатысты мемлекеттік саясат, ең алдымен, олардың қалпына келуіне, мамандық алуына, жұмыс табуына және барынша дербес болуына көмектесуге бағытталған», – делінген ресми жауапта.

Олжас Бектеновтің түсіндіруінше, әңгіме медициналық, әлеуметтік және кәсіби оңалтуды дамыту, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту және қоғамдық өмірге белсенді қатысуға жағдай жасау туралы болып отыр. Оның айтуынша, мұндай тәсіл адамдарға өз бетінше өмір сүруге және барлық салада тең қатысуға мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қағидаттарына сәйкес келеді.

«Екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім бойынша жәрдемақы енгізу қолданыстағы тәсілдерге қайшы келеді және теріс салдарға әкелуі мүмкін», – деген еді премьер-министр.

Ол мұндай қадам оңалуға және еңбекке деген ынтаны төмендетуі мүмкін екенін, мемлекеттік қолдаудың басым бағытын қалпына келтіру мен қоғамға кіріктіруден пассивті төлем алуға қарай бұрып жіберуі ықтимал екенін, сондай-ақ нақты қажеттілік болмаса да күтім рәсімдеу жағдайларын туындатуы мүмкін екенін атап өтті.