Таза су тапшылығынан Қазақстанда өлім-жітім артқан

Ulysmedia
Фото: ЖИ

2025 жылы Қазақстанда таза ауызсу, санитария және гигиенаның (WASH) жетіспеушілігінен болатын өлім-жітім өсіп, 100 мың адамға шаққанда 0,85-ке жетті. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 0,75 болған. Осы факторға байланысты жағдай Түркістан облысы мен ауылдарда ушығып тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.  

ҒАЛАМДЫҚ ДАҒДАРЫС

Energyprom сарапшыларының айтуынша, әлемде жыл сайын 1,4 миллионнан астам адам таза су, санитария және гигиена жетіспеушілігінен көз жұмады. Бұл – алдын алуға болатын өлімдер. Жер шары халқының шамамен 2 миллиарды әлі күнге дейін таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. 

Қазақстан бұл тұрғыда салыстырмалы түрде жақсы жағдайда болғанымен, толық қауіпсіз аймаққа айналған жоқ. 2025 жылы елде WASH факторларынан болатын өлім-жітім 100 мың адамға шаққанда 0,85-ке жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда өскен.

ӨҢІРЛЕРДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?

Ең алаңдатарлық жағдай Түркістан облысында тіркелді. Мұнда өлім-жітім деңгейі 4,09-ға жетіп, республикалық орташа көрсеткіштен шамамен бес есе жоғары болды.

Салыстырмалы түрде төмен көрсеткіштер елордада (0,13) және Алматыда (0,3) байқалады. Ал жоғары деңгей Қарағанды облысы (1,32) мен Шымкент (1,18) қаласында да тіркелген.

Керісінше, Жетісу облысы (0,14), Қызылорда облысы және Маңғыстау облысы (әрқайсысы 0,12) өңірлерінде жағдай біршама тұрақты.

Бұл деректер ел ішіндегі инфрақұрылым теңсіздігін және базалық қызметтерге қолжетімділіктің әркелкі екенін айқын көрсетеді.

АУЫЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ УШЫҒЫП ТҰР

Ауыл тұрғындарының жағдайы тіпті күрделі. 2025 жылы ауылдық жерлерде WASH факторларынан болатын өлім-жітім деңгейі қалаға қарағанда 3,4 есе жоғары болды.

Атап айтқанда, ауылда бұл көрсеткіш 1,55 болса, қалаларда небәрі 0,45 деңгейінде. Егер он жыл бұрын айырмашылық шамалы болса, қазір ауылдық аумақтар іс жүзінде «санитарлық оқшаулану аймағына» айналып барады.

Бұл – ауыл инфрақұрылымының жүйелі түрде артта қалуының және таза су мен санитарияға қолжетімділіктің шектеулігінің нақты көрінісі.

ЕРЛЕР АРАСЫНДА ӨЛІМ КӨП

2025 жылғы деректер ерлердің WASH факторларына көбірек ұшырайтынын көрсетеді. Ерлер арасындағы өлім-жітім 100 мың адамға шаққанда 0,95 болса, әйелдерде бұл көрсеткіш 0,75 болды.

Әйелдердегі деңгей ұзақ уақыт бойы тұрақты сақталса, ерлер арасындағы көрсеткіш өсіп, құбылмалы сипатқа ие болған. Бұл әлеуметтік мінез-құлық, еңбек жағдайы және денсаулыққа жауапкершілік сияқты факторлармен байланысты болуы мүмкін.

Жас ұлғайған сайын қауіп те артады. 2025 жылғы мәліметтер бойынша көрсеткіш төмендегідей: 

  • 60-64 жас: 2,73
  • 65-69 жас: 3,61
  • 70-74 жас: 5,45
  • 75-79 жас: 8,24

Бұл көрсеткіштер WASH факторларының егде жастағы адамдар үшін аса қауіпті екенін көрсетеді.

Ал балалар мен жастар арасында көрсеткіштер нөлге жуық. Дегенмен, бір жасқа дейінгі сәбилер арасында өлім-жітім деңгейінің 0,87 болуы өмірдің бастапқы кезеңінде де базалық жағдайлардың жеткіліксіз екенін аңғартады.