Алматыда Орталық қалалық клиникалық аурухана қызметінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАНДАЙ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАР АНЫҚТАЛДЫ?
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, тексеру барысында 2026 жылғы 11 ақпанға дейін медициналық мекемеде 106 пациент мониторингі модулі міндетті рәсімдерден өтпей пайдаланылғаны белгілі болды. Аталған жабдықтар типін бекітусіз немесе метрологиялық аттестациясыз қолданылған, мемлекеттік реестрде тіркелмеген және міндетті тексеруден өтпеген.
“Соған қарамастан, құрылғылар медициналық көмек көрсету барысында пайдаланылған. Бұл модульдер пациенттердің өмірлік маңызды көрсеткіштерін бақылауға арналған, атап айтқанда: жүрек соғу жиілігі, артериялық қысым, қандағы оттегі деңгейі (SpO₂), электрокардиограмма (ЭКГ) және дене температурасы. Мұндай жабдықты өлшеу дәлдігі расталмай қолдану клиникалық шешім қабылдауға тікелей әсер етіп, пациенттердің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді”, – дейді ведомство өкілдері.
Тексеру нәтижесінде медициналық ұйым қызметінде ҚР «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңының 17 және 19-баптарының талаптары бұзылғаны анықталған. Анықталған фактілер тексеру материалдарымен расталған.
АЙЫППҰЛ
“Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқама берілді. Жабдықтарды пайдалану заң талаптарына толық сәйкестікке келтірілуі тиіс”, – дейді министрліктегілер.
Жіберілген бұзушылықтар үшін мекеме Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 419-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 600 АЕК (2 595 000 теңге) айыппұл төледі.
Ведомство метрологиялық бақылау талаптарын сақтау міндетті екенін және оның пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты екенін атап өтті.