Halyk кадрмен жұмыс істеу саласында екі бірдей марапатқа ие болды. Бірақ бұл жетістіктің басты сыры – ұсынылған жобалардың жаңашылдығында. Банк дәстүрлі тәсілден бас тартып, жасанды интеллект пен деректерге сүйенетін жаңа жүйе енгізді: бірі қызметкерлердің қабілетін әділ бағалап, жеке даму бағытын көрсетсе, екіншісі кәсіби шаршауды алдын ала анықтап, мәселені ерте шешуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл кадр басқарудағы бұрынғы модельді өзгертіп, нақты деректерге негізделген шешім қабылдауға жол ашады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Орталық Азиядағы HR қауымдастығы үшін маңызды саналатын «HR-бренд Орталық Азия» марапаты биыл да үздіктерді анықтады. 13 жылдық тарихы бар байқауға бұл жолы 46 компаниядан 69 жоба ұсынылған. Осы беделді додада Halyk бірден екі марапатқа ие болып, HR саласындағы жүйелі әрі технологияға негізделген жұмысының нәтижесін көрсетті.
AI/ML ЖҮЙЕСІ ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАЙДЫ
«Әлем» номинациясында Halyk бірінші орын иеленді. Бұл санатта халықаралық ауқымы мен стратегиялық амбициясы бар жобалар бағаланады.
Банк ұсынған «Жасанды интеллектті пайдалана отырып, skill-based мәдениет пен құзыретті дамыту» жобасы HR процестеріне түбегейлі өзгеріс әкелді. Жобаның басты ерекшелігі – қызметкерлерді бағалау мен дамыту жүйесін деректерге негіздеу.
Halyk әзірлеген AI/ML жүйесі қызметкерлер мен үміткерлердің дағдыларын объективті түрде бағалап, әрқайсысына жеке даму траекториясын ұсынады. Енді жұмысқа қабылдау немесе мансаптық өсу шешімдері субъективті пікірге емес, нақты көрсеткіштерге сүйенеді.
Қазіргі таңда банктің IT, цифрлық және деректер бағытындағы мамандарының 90%-дан астамы осы жүйе арқылы бағаланған. Ал келесі кезең – әр қызметкерге бейімделген оқыту жолдарын қалыптастыру.
Сарапшылар алқасы бұл жобаның тек құрал ғана емес, толыққанды технологиялық экожүйе екенін ерекше атап өтті.
ШАРШАҒАН ҚЫЗМЕТКЕРДІ АНЫҚТАЙДЫ
Halyk екінші марапатты «Ел» номинациясы бойынша иеленді. Бұл жоба қазақстандық бизнес үшін маңызды мәселелердің бірі – кәсіби шаршау (burnout) тақырыбына арналған.
Банк «Кәсіби шаршауды анықтайтын предиктивті модель» жасап шығарды. Бұл жүйе 120-дан астам параметрді талдай отырып, қызметкердің күйіп кету қаупін алдын ала анықтайды және басшылыққа ескерту береді.
Мұндай тәсіл реактивті басқарудан проактивті басқаруға көшуге мүмкіндік береді. Яғни мәселе туындағаннан кейін әрекет етудің орнына, оны алдын ала болдырмауға жағдай жасалады.
Жоба қызметкерлердің жұмыстан кетуін азайтып, олардың әл-ауқатын сақтауға бағытталған. Сарапшылар бұл бастаманың практикалық тиімділігін жоғары бағалады.
УАҚЫТША ТРЕНД ЕМЕС
Halyk HR директоры Индира Әшірованың айтуынша, бүгінгі HR саласы түбегейлі өзгеріп жатыр:
«HR бүгінде цифрлық деңгейге көшуде. Шешімдер енді субъективті бағалауға емес, деректер мен технологияларға негізделеді. Біз үшін бұл – уақытша тренд емес, стратегиялық бағыт. Қызметкерлерді дамыту, таланттарды басқару және ұстап қалу – барлығы ашық әрі аналитикаға негізделген жүйе арқылы жүзеге асырылады»,- дейді ол.
Оның сөзінше, кәсіби қауымдастық тарапынан берілген жоғары баға – таңдалған бағыттың дұрыстығын дәлелдейді.
КЕШЕНДІ СТРАТЕГИЯ
Бұл жетістіктер кездейсоқ емес. Halyk қатарынан екінші жыл Top Employers Kazakhstan мәртебесін растап, осы халықаралық сертификатқа ие болған алғашқы қазақстандық бренд ретінде көшбасшылығын сақтап келеді.
Бүгінде банктің HR саясаты классикалық тәсілден әлдеқайда алға шыққан. Бұл – деректерге, технологияларға және ұзақ мерзімді құзыреттілікті дамытуға негізделген кешенді стратегия.
Еңбек нарығында талант тапшылығы күшейіп жатқан кезеңде Halyk күтіп отырмай, мәселені шешудің жаңа моделін ұсынып отыр. Банк тек бейімделіп қана қоймай, HR саласының даму бағытын айқындап, одан да биік мақсаттарға ұмтылуда.