Күтпеген тексеріс: есірткіге тәуелді шенеуніктер әшкереленеді

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде министрлер мен әкімдер де кез келген күні есірткі қолдануына қатысты тексеруден өтуі мүмкін. Мұндай тексеруден бас тартқан жағдайда қызметтен босату қарастырылған. Бұл нормалар жаңартылған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда бекітілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шенеуніктердің жаңа құқықтары мен міндеттері

Сенат заңнамаға енгізілген түзетулерді қабылдады. Соған сәйкес мемлекеттік қызметшілердің жалақысы тұрақты түрде индексацияланып отырады, басқа өңірге ауысқанда көшу шығындары өтеледі және өзге де әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған.

Сонымен қатар жаңа мүмкіндіктермен бірге мемлекеттік қызметшілерге қосымша міндеттер де жүктелді. Соның бірі — есірткіге тексерілу.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімовтің айтуынша, қарамағында қызметкерлері бар барлық мемлекеттік қызметшілер жыл сайын есірткіге тексеруден өтуге міндетті болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік құпияларға қол жеткізе алатын тұлғалар да тексерілуі мүмкін.

Тексеруден бас тартуға болмайды

Мүксімовтің сөзінше, тексеру күтпеген жағдайда жүргізіледі.

«Бұл жерде алдын ала бекітілген кесте болмайды. Яғни, адам белгілі бір күні тексеруден өтетінін біліп, соған дайындала алмайды. Негізгі ерекшелігі — кенеттен жүргізілуі. Шешім қабылданғаннан кейін 48 сағат ішінде басшы да, қызметкер де тексеруден өтуге міндетті», — деді ол.

Тексеруден бас тарту мүмкін емес. Бұл есірткі қолданғаны жөніндегі күдіктің негізді екенін мойындау ретінде бағаланып, мемлекеттік қызметте қалуға кедергі болады.

«Алғаш рет заңда есірткі заттарын және тыйым салынған өзге де прекурсорларды қолдану мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекет ретінде белгіленіп отыр. Мұндай жағдайда қызметтен босату қарастырылады», — деді агенттік төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер тексеруден өз қаражаты есебінен өтеді. Дегенмен заңда тексеру күні және одан кейін жарты күн демалыс беру қарастырылған.

Контекст

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің беделіне нұқсан келтіретін жағдайлар ара-тұра тіркеліп тұрады. Мәселен, Екібастұзда жоғары лауазымды шенеуніктер букмекерлік ставкаларға миллиондаған қаржы жұмсаған. Ал Маңғыстау облысында есірткіге қарсы рейд барысында Мұнайлы ауданында үш адам ұсталып, олардың екеуі мемлекеттік қызметші екені анықталған. Бірі — аудан әкімінің орынбасары, екіншісі — Атамекен ауылы әкімінің орынбасары. Қазір бұл іс сотқа жолданған.