«Ештеңе бермеймін»: Трамп Иранға ядролық материал жеткізу ұсынысына қарсы

Ulysmedia
фото: foxnews.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға бейбіт мақсатта ядролық материал жеткізу ұсынысына қарсы шықты. Оның айтуынша, Тегеранда не ядролық қару болады, не мүлде болмайды — басқа нұсқа жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ҚОЛДАНУҒА ЖОЛ БЕРМЕЙМІЗ»

Трамп Newsmax арнасына берген сұхбатында бұл бастаманы қолдамайтынын ашық айтты.

«Мен бұған келіспеймін. Ешқашан қолдамаймын. Оларға ештеңе бермеймін. Оларда не ядролық қару болады, не болмайды. Егер болса, олардың жағдайы қиын болады», — деді ол.

АҚШ президенті Вашингтон үшін тек қарсыласты тежеу емес, Иранның ешқашан ядролық қаруға қол жеткізбеуіне нақты кепілдік алу маңызды екенін атап өтті.

«Айтайын, егер Иранда ядролық қару болса, олар оны қолданар еді. Мен бұл адамдармен жұмыс істеп жүрмін, оларды жақсы білемін. Олар қолдануға дайын, бірақ біз оған жол бермейміз», — деді Дональд Трамп.

ҚАБЫЛДАНБАҒАН ҰСЫНЫС

Бұған дейін, 29 сәуірде, Трамп Иран ұсынған бейбіт келісім нұсқасын да қабылдамаған еді. Ол АҚШ Иран порттарына қатысты қысымды жалғастыратынын мәлімдеді.

Axios басылымының жазуынша, Трамп АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) басшысы, адмирал Брэд Купермен кездесу өткізуі тиіс. Онда президентке Иранға қатысты үш түрлі іс-қимыл жоспары ұсынылады. Барлығы да жағдайдың ушығуын көздейді:
— Иран аумағына ауқымды соққылар жасау;
— Ормуз бұғазының бір бөлігін бақылауға алып, сауда кемелерінің қозғалысын қалпына келтіру;
— жоғары байытылған уран қорларын анықтау үшін арнайы күштердің құрлықтағы операциясын жүргізу.

НӘТИЖЕСІЗ КЕЛІССӨЗДЕР

Тегеран мен Вашингтон арасындағы соңғы келіссөздер 11–12 сәуір күндері өтті. Алайда тараптар Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ұстанымдары сәйкес келмегендіктен, ортақ шешімге келе алмады.

Иран бұл мәселені кезең-кезеңімен қарастыруды ұсынып отырса, Трамп әкімшілігі оны бірден шешуді талап етеді.