Пентагон 2027 жылғы бюджетке Украинаға көмек қаражатын енгізбеді

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Пентагон 2027 қаржы жылында Украинаға USAI бағдарламасы арқылы бөлінуі тиіс қаржыны бюджетке енгізбеген. Бұл бағдарлама бойынша Киев сол жылы 400 млн долларға дейін қару-жарақ сатып алуы керек еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы АҚШ Қорғаныс министрлігінің қаржы директоры Джулс Херст Конгресстегі тыңдауда  мәлімдеді. Трансляцияны C-Span көрсетті.

«Бұл бюджетте USAI бағыты бойынша қаржыландыру қарастырылмаған», — деді Херст конгрессменнің сұрағына жауап беріп.

Тыңдаудың алғашқы күнінде Херст Конгресс мақұлдаған 400 млн доллар әзірге келісімшартқа айналмағанын, оны пайдалану Украина қандай қару сатып алатынына байланысты болатынын айтқан.

400 МЛН ДОЛЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

Бұл қаражат Украинаға Қауіпсіздікке жәрдем бастамасы (Ukraine Security Assistance Initiative, USAI) аясында берілетін әскери көмектің бөлігі.

АҚШ Өкілдер палатасы 2025 жылдың қыркүйегінде Украинаға Пентагон бастамасы бойынша 400 млн доллар бөлу туралы шешімді мақұлдаған. Бұл қаржы 2025 жылдың 1 қазанынан басталған 2026 қаржы жылына арналған әскери шығындар пакетіне енгізілген.

Пентагон басшысы Пит Хегсет 29 сәуірде АҚШ Украинаға жалпы 300 млрд доллар жұмсағанын айтқан. Ол бұрынғы президент Джо Байден әкімшілігі тұсындағы әскери көмекті шамадан тыс деп бағалаған.

Сол күні Кентукки штатынан республикашыл сенатор Митч Макконнелл The Washington Post басылымына Пентагон Украинаға арналған 400 млн долларлық қару-жарақ жеткізуді кідіртіп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қаржы Конгресс бірнеше ай бұрын бекіткеніне қарамастан, Пентагонда «тоқтап қалған». Сенатор Қорғаныс министрлігіне сұрақ қойылғанда жауап берілмегенін де айтқан.

ПУТИН МЕН ТРАМПТЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Еске салайық, бұдан бұрын телефон арқылы 1,5 сағат әңгімелескен Путин мен Трамп  Киев еуропалық елдердің қолдауымен «қақтығысты созуға бағытталған саясат ұстанып отыр» деген байламға келген.

Соған қарамастан, Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған келісімге қол жеткізу жақын деп есептейді.

Путин өз кезегінде Ақ үй басшысына арнайы әскери операцияның мақсаты қалай болғанда да орындалатынын жеткізген.