Алматыдағы 3 адамның өмірін қиған жол апаты: тергеуде жаңа деректер белгілі болды

Қалижан Бектемір
Фото: zakon.kz, t.me / kris_p_almaty_kz

Алматы қаласының прокуратурасы әл-Фараби даңғылында адам өлімімен аяқталған ірі жол-көлік оқиғасына қатысты тергеудің жаңа мәліметтерін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ПОЛИЦИЯНЫҢ ӘРЕКЕТСІЗДІГІ

Қадағалаушы органның мәліметінше, үш адамның өмірін қиған апат бойынша қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігімен қаралуда. Бұл бап көлік құралын алкогольдік мас күйде басқарып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайларға қатысты. Аталған бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ өмір бойына белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру қарастырылған.

Сонымен қатар оқиғаға байланысты полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне қатысты тағы бір қылмыстық іс тіркелді. Бұл іс Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы бойынша (ауыр зардаптарға әкелген қызметтегі әрекетсіздік) тергелуде. Аталған бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы, мүлкін тәркілеу және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салу көзделген.

ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕЙДІ?

Прокуратураның хабарлауынша, қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптамалар тағайындалған. Сонымен қатар бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Тергеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін Алматының әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған апатқа қатысты  қылмыстық істі тергеу аяқталуға жақындағанын жазған болатынбыз.

ҮШ АДАМНЫҢ ӨЛІМІ

Еске салайық, 21 наурыз түнде Алматыда Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes көлігіндегі үш адам қаза тапқан.

Қаза тапқандардың туыстары істің әділ тергелуін талап етті. Олар апатқа қатысы бар барлық тұлғаларды жауапкершілікке тартуды сұрады.

Кейінірек әл-Фараби даңғылындағы жол апаты мен құқық қорғау органдарының әрекетіне байланысты пікір білдірген заңгер Әділетхан Молдаханның ұсталғаны мәлім болды.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов өте жоғары жылдамдықпен келіп, жолдың қарсы бетінше шығып кеткен Zeekr иесінің әрекеті жайлы өз пікірін айтқан.

Бұл кездейсоқ көшеде болған апат емес. Алматы қаласында көп жылдан бер байлардың балалары қымбат автокөліктер алып, әр автокөліктің құны жүз мың доллардан асады, әл-Фараби көшесінде екі жаққа қарай, бір-бірімен жарысып, әртүрлі ойындар ұйымдастырады. Бұл кездейсоқ жарыс емес, өздері келіскен уақытта барады. Әртүрлі ойын түрлері бар. Шахмат деген бар, кім тез жетеді деген бар, – деді депутат Ulysmedia тілшісіне.