«Қазцинктегі» апат: зардап шеккендер саны 9-ға жетті

Ulysmedia
фото: ТЖМ

«Қазцинк» кәсіпорнында болған жарылыстан кейін зардап шеккендер саны тоғызға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Екі адамның жағдайы ауыр

Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, тоғыз адам түрлі жарақат алған. Екеуінің жағдайы ауыр. Оқиға орнына жедел жәрдемнің бес бригадасы барған.

Қазір нысанда іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар, кинологиялық топтар және Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері жұмылдырылған. Үйінділерді аршу жұмыстары жүргізілуде.

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті министрліктер мен ШҚО әкімдігіне жағдай бойынша есеп беруді тапсырды.

Жарылыс

Еске салайық, бүгін Өскемен қаласында зауыт аумағында жарылыс болды. Куәгерлер алдымен қатты жарылысты естіген, содан кейін нысаннан өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі құлаған.

Бұған дейін ТЖМ төрт адамның ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған.