Өскемендегі жарылыс: қоршаған ортаға қандай залал келді

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Экология вице-министрі Жомарт Әлиев Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорында болған апаттан кейінгі жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Вице-министрдің айтуынша, төтенше жағдай туралы ақпарат түскен бойда оқиға орнына экология департаментінің қызметкерлері барған. Зертханалық-экологиялық бақылау мамандары ауа құрамын тексеріп, ал «Қазгидромет» кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерлерде мониторинг бекеттерін орнатқан.

– Егер алынған сынамалар нәтижесінде зиянды заттардың мөлшері нормадан асқаны анықталса, онда төтенше жағдай салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал көлемі есептеледі. Қазіргі таңда сынамалар зерттеліп жатыр. Әр сынаманың химиялық және физикалық талдау жүргізу тәртібі бар. Бүгін нәтижелері дайын болады деп ойлаймын, – деді Әлиев Мәжіліс кулуарында.

ТЕКСЕРІС БОЛА МА?

Вице-министр қазіргі мониторинг нәтижелері бойынша ауада зиянды заттардың шекті мөлшерден асуы тіркелмегенін айтты.

Сонымен қатар, ол кәсіпорындарға жоспардан тыс тексеру жүргізу Кәсіпкерлік кодексіндегі қатаң талаптарға сай жүзеге асатынын еске салды. Мұндай тексеруге тұрғындардың шағымы, депутаттық сауал немесе прокуратурамен келісілген құқық қорғау органдарының тапсырмасы негіз бола алады.

КОНТЕКСТ

Кеше таңертең Өскемендегі «Қазцинк» ЖШС-нің қорғасын зауыты аумағында жарылыс болып, артынан өрт шыққан. Сондай-ақ цех құрылымдарының бір бөлігі опырылған. Оқиға салдарынан жеті адам зардап шегіп, екеуі қаза тапты.

Полиция екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза болуына әкелген еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр.