Әр мың жасөспірімнің 13-і босанған: мектеп медицинасында не өзгереді

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда мектеп медицинасын түбегейлі өзгерту басталды. Сабақ үстінде босанған оқушы оқиғасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі жүйенің әлсіздігін мойындап, мектептерге цифрлық диагностика, телемедицина және электронды денсаулық паспортын енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір мектептегі медициналық тексерулердің көбі үстірт өтеді.

– Мамандардың жетіспеуі және медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеменің көп болуы бір баланы қарау уақытын қысқартып, диагностика сапасының төмендеуіне және ауруларды анықтау көрсеткішінің азаюына алып келіп отыр. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар және мүгедектігі бар балаларды есепке алу мәселесі де өзекті, – деді Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.

Министрлік енді «ақылды» жабдықтарға басымдық бермек. Денсаулық туралы мәліметтер жүйеге автоматты түрде жіберіліп, адам факторын және қағазбастылықты азайтады.

Мектептерде мыналар пайда болады:

  • цифрлық кешендер –  электрокардиографтар, пульсоксиметрлер және заманауи бой өлшегіштер деректерді базаға автоматты түрде енгізеді;
  • телемедицина –  егер мектепте тар бейінді маман болмаса, дәрігер баланы қашықтан қарай алады;
  • жетілдірілген диагностика –  интраоральды камералар, плантографтар және көру қабілетін дәл тексеретін құрылғылар сатып алу жоспарланған.

ЦИФРЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ПАСПОРТЫ

Барлық тексеру нәтижесі бірыңғай электронды денсаулық паспортына енгізіледі. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәліметтердің жылдар бойы жиналып, талдануы маңызды екенін айтты.

Бұл дәрігерлерге баланың бірінші сыныптан мектеп бітіргенге дейінгі даму динамикасын бақылап, диагноздардың «жоғалып кетпеуіне» мүмкіндік береді.

Жаңартылған жүйені ел бойынша 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап іске қосу жоспарланып отыр.

РЕФОРМА НЕГЕ ҚАЖЕТ?

Министрлік мектеп медицинасындағы салғырттықтың ауыр салдары болғанын да атап өтті. Соның бірі – Ақтөбе облысында болған резонансты оқиға. Онда 14 жастағы оқушы сабақ үстінде босанып қалған.

Қыздың жүкті екенін босану басталғанға дейін мұғалімдер де, мектеп медицина қызметкерлері де білмеген.

Кейін белгілі болғандай, қыз ұзақ уақыт бойы зорлық көрген. 2025 жылдың қазанында бұл оқиға елді дүр сілкіндіріп, 64 жастағы ер адам кәмелетке толмаған қызды зорлағаны және азғындық әрекеттері үшін 21 жылға сотталған.

Министрлік мектеп медицинасын реформалау осындай балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты жағдайлардың қайталанбауына жол ашады деп отыр.

СТАТИСТИКА ҚАНДАЙ?

Ranking.kz дерегіне сүйенсек, жасөспірім қыздар арасындағы босану деректері жөнінен Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облысы өңірлері көш бастап тұр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде 15–19 жас аралығындағы әр 1000 қыздың шамамен 13-і (12,96) ана атанған. Қала мен ауыл арасында айтарлықтай айырмашылық бар: қалалық жерде әр мың қыздың 10-ы босанса, ауылдық жерде бұл көрсеткіш 16–17-ге дейін жетеді. 

КОНТЕКСТ

Жасөспірімдер арасындағы босану көрсеткіші:

  • Жамбыл облысында – 1000 қызға шаққанда 20 жағдай;
  • Маңғыстау облысында – 19 жағдай;
  • Түркістан облысында – 18-19 жағдай тіркеледі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, табысы төмен және орташа елдерде жыл сайын 21 миллионнан астам жасөспірім қыз жүкті болады. Мамандардың айтуынша, 15-19 жас аралығындағы қыздардың өліміне жиі себеп болатын факторлардың бірі – ерте жүктілік пен босану кезіндегі асқынулар.