Әркімнің-ақ бар таласы: Қазақстанда вице-президент кім болады?

Анар Лепесова
фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда мақұлданған "Қазақстан Республикасының Президенті" туралы заң жобасы елімізде енгізілетін жаңа лауазым—  вице-президент қызметін де реттейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚҰЖАТТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

Заң жобасының 3-бабына сүйенсек, вице-президентті Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды, сондай-ақ кандидатқа қойылатын нақты талаптар көрсетілген. Сонымен қатар оның өкілеттігін тоқтату негіздері, жоғары лауазымды тұлға мәртебесіне ұқсас шектеулер және негізгі қызметі — Президенттің тапсырмасымен мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде оны таныстыру міндеті қарастырылған.

Вице-президенттің өкілеттіктері Президенттің актілері арқылы нақты реттеледі. Бұл құқықтық жүйеге икемділік беріп, мемлекеттік басқарудағы практикалық міндеттерге бейімделуге мүмкіндік береді.

Вице-президенттің қызметін Мемлекет басшысының Әкімшілігі қамтамасыз етеді.

КІМ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ БОЛА АЛАДЫ?

Заң жобасына сәйкес, вице-президентті Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен келісімін алып тағайындайды.

Вице-президент болып:

  • Қазақстан Республикасының тумасы,
  • 40 жастан асқан,
  • мемлекеттік тілді еркін меңгерген,
  • Қазақстанда соңғы 15 жыл тұрақты тұрған,
  • жоғары білімі бар азамат тағайындала алады.

ҚАНДАЙ ШЕКТЕУЛЕР БАР?

Вице-президент қызмет барысында:

  • депутат бола алмайды,
  • басқа ақы төленетін лауазым атқара алмайды,
  • кәсіпкерлікпен айналыса алмайды,
  • саяси партия мүшесі бола алмайды.

ӨКІЛЕТТІГІНІҢ ТОҚТАТЫЛУЫ

Вице-президенттің өкілеттігі мына жағдайларда тоқтатылады:

  • өз еркімен қызметтен кету туралы өтініш беру;
  • Президенттің шешімімен қызметтен босату;
  • Қазақстан азаматтығынан айырылу немесе шетелде тұрақты тұру құқығын алу;
  • соттың айыптау үкімі заңды күшіне енуі;
  • әрекетке қабілетсіз деп танылуы;
  • із-түзсіз жоғалды деп танылуы;
  • қайтыс болуы немесе сот арқылы қайтыс болды деп танылуы;
  • заңда көрсетілген өзге де негіздер.

Өкілеттікті тоқтату туралы шешімді Президент аталған негіздер бойынша қабылдайды.

Өкілеттік тоқтағаннан кейін 20 күн ішінде Президент Құрылтайға жаңа вице-президент кандидатурасын ұсынады. Егер бұл мерзім Құрылтайдың жұмысы уақытша тоқтаған кезеңге сәйкес келсе, кандидатура жұмыс басталғаннан кейін 20 күн ішінде ұсынылады.

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ

Еске салайық, 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдум нәтижесі бойынша Қазақстанда жаңа Конституция қабылданды. Бұдан былай Қазақстанда екі палаталы парламенттің орнына жаңа парламент – Құрылтай құрылады және вице-президент лауазымы пайда болады.

Бұдан бұрын Қазақстанда Құрылтай сайлау қашан өтетіні және вице-президент қашан сайланатыны хабарланған

Жаңа Конституция қабылдануына байланысты парламент қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізу және жаңа конституциялық заңдарды қабылдау мәселесін талқылауға кірісті. Депутаттар  «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» заң жобаларын да жұмысқа қабылдады.