Қызылорда облысында жаңа әкім тағайындалды. Аймақты енді Мұрат Ергешбаев басқарады. Ол бұған дейін Қызылорда қаласының әкімі болған, бірнеше ауданды басқарған. Мәжілісте депутат болды, сондай-ақ «пышақ пен дастархан» дауына да іліккен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мұрат Ергешбаев 60 жаста. Қызылорда қаласының тумасы, мамандығы — экономист.
Еңбек жолын 1980-жылдардың соңында қарапайым совхоз экономисі болып бастаған. Кейін банк саласында жұмыс істеп, облыс әкімінің кеңесшісі, сондай-ақ «Халық банкі» облыстық филиалының директоры қызметтерін атқарған.
Әр жылдары Қызылорда қаласының және Қармақшы, Шиелі, Қазалы және Сырдария аудандарының әкімі болған.
2023 жылы Ергешбаев Мәжіліс депутаты болып сайланды. Парламентте ол көбіне өңірлік және шаруашылық мәселелерді көтерді. Мәселен, Астана маңындағы қысқы жолдардың жағдайы, қала маңына қатынайтын электр пойыздарын дамыту, орман шаруашылықтарын техникамен қамтамасыз ету және экологиялық төлемдердің жұмсалуы туралы айтқан.
Бір депутаттық сауалында ол Жапониядан мысал келтіріп, онда бір ғана оқушы үшін теміржол станциясы жабылмай, керісінше жұмысын жалғастырғанын айтқан.
— Бұл әрекет теміржол саласының тек табыс табуға емес, адамдарға қызмет етуге бағытталғанын көрсетті, — делінген оның сауалында.
Жаңа әкімнің өмірбаянында қоғам назарын аудартқан жайттар да бар. 2021 жылы әлеуметтік желілерде Ергешбаев қызметтік дастарханда төбелес шығарып, қолына пышақ ала жүргені туралы қауесет тараған. Алайда Қазалы ауданы әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, оны жалған деп мәлімдеген.
Жалпы Ергешбаев әулеті өңірге Кеңес Одағы кезеңінен бері белгілі. Оның әкесі Нәлқожа Ергешбаев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған.
2020 жылы Қызылордада оған бюст-ескерткіш орнатылып, ашылу рәсіміне сол кездегі облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысқан.
— Ел дамуы мен өркендеуі үшін еңбек еткен тұлғаларды ұмытпау — біздің борышымыз. Нәлқожа Ергешбаев сондай құрметке лайық азаматтардың бірі. Ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, ауыл шаруашылығы техникасын дамытуға жүйелі түрде көңіл бөлген басшылардың бірі ретінде есте қалды, — деген еді сол кезде Әбдіқалықова.
Ергешбаевтың кандидатурасын мәслихат депутаттарының 81%-ы қолдаған. Онымен бірге облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев те үміткер болған. Дауыс беруден кейін Президент жаңа облыс әкімін ресми түрде тағайындау туралы жарлыққа қол қойған.