Түркияның түнгі клубында заңсыз жұмыс істеген қазақстандық әйелдер ұсталды

Ulysmedia
видеодан кадрлар

Түркияда ауқымды полиция рейді кезінде ойын-сауық орындарында заңсыз жұмыс істеді деген күдікпен шетелдік әйелдер ұсталды. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЗАҢСЫЗ СХЕМА

Рейдтер Анкара қаласында өткен. Операцияны қала полициясының қоғамдық тәртіп және мораль мәселелерімен айналысатын бөлімі жүргізген.

Тергеу мәліметінше, әйелдерді Түркияға әкеліп, түнгі клубтар мен көңіл көтеру орындарына заңсыз жұмысқа орналастырған.

Алғашқы тінту кезінде полиция бірнеше мекенжайды қатар тексеріп, заңсыз схеманы ұйымдастырды деген күдікпен 29 адамды ұстаған. Сонымен қатар 38 шетелдік әйел анықталған.

Олардың ішінде:

– 13 қазақстандық;
– 11 ресейлік;
– Беларусьтің төрт азаматы;
– Эфиопиядан бес әйел;
– Украинадан үш әйел;
– сондай-ақ Бразилия мен Кения азаматтары болған.

ДЕПОРТАЦИЯ

Кейін полиция тағы бес ойын-сауық орнында қосымша тексеру жүргізіп, заңсыз жұмыс істеген тағы тоғыз шетелдік әйелді анықтаған.

Осылайша операцияның екі кезеңі барысында барлығы 47 шетелдік әйел табылған.

Медициналық тексеруден кейін олардың барлығы депортациялау рәсімі үшін көші-қон қызметіне тапсырылған.