«Қан-қан күйінде сүйреген»: Қызылордада студенттің жұмбақ өлімі тергеліп жатыр

Ulysmedia
видеодан скриншот

Қызылорда қаласындағы «Болашақ» медициналық колледжінің жатақханасында қайғылы жағдай болды: 8 мамырға қараған түні 16 жастағы бірінші курс студенті Нұрдәулет Мырзалы қаза тапты. Оқу орнының басшылығы «кездейсоқ соққы» деген нұсқаны алға тартса, марқұмның туыстары жүйелі қысым мен оқиғаны жасыру әрекеті болғанын айтып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Нұрдәулет Мырзалының жақындарының айтуы

Нұрдәулет Мырзалы Қазалы ауданынан қалаға келіп, фельдшер мамандығына оқуға түскен.  «Информбюро 31» бағдарламасына мән-жайды түсіндірген марқұмның туысы Римма Елеусізованың  айтуынша, сол түні куәгерлер соққыға жығылған жасөспірімді жертөледен екінші қабаттағы бөлмеге сүйреп апарғанын көрген.

– Оны жертөледен екінші қабаттағы бөлмеге сүйреп апара жатқанда біреу байқап қалып айқайлаған. Оны қан-қан күйінде сүйреп әкелген. Кейін бөлмеге жасырып қойған, – деді ол.

Марқұмның әкесі Руслан Сейсенбаевтың айтуынша, баланы дер кезінде құтқаруға мүмкіндік болған.

– Баламды соққыға жығылған жерде қайтыс болды. Уақытында жедел жәрдем шақырмаған. Егер бірден шақырса, аман алып қалуға болар еді. Кейін оны көтеріп бөлмеге апарған. Сосын вахташыға тапсырған дейді, – деді ол журналистерге.

Отбасы жатақханада төмен курс студенттеріне қатысты тұрақты қысым, әлімжеттік жасалғанын да айтады.

Колледждің ұстанымы

«Болашақ» колледжі әкімшілігі жүйелі қысым бар дегенді үзілді-кесілді жоққа шығарады. Директордың орынбасары Гүлмира Өтеуілованың айтуынша, жоғары курс студенттері бұл жағдайды бірінші курс студентінің «сыйламаушылығымен» түсіндірген.

Олардың айтуынша, бір соққының өзі қайғылы жағдайға әкелген.

Сонымен бірге колледж басшылығы жатақханадағы бақылаудың әлсіз болғанын мойындап, түнгі кезекшілікке жауапты қызметкерлер жұмыстан босатылғанын хабарлады. Қызметтік тексеріс жүріп жатыр.

Полиция не дейді?

Қызылорда облыстық полиция департаменті Ulysmedia.kz редакциясының сұрауына бұл дерек бойынша «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, өлімге әкеп соқтырған» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

“Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс полиция басшылығының ерекше бақылауында”, – деді шенеуніктер.