Amazon мен Starlink: пойыздар мен ұшақтарда интернет қашан пайда болады

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда 2026 жылдың соңына дейін пойыздарда және республикалық маңызы бар жолдар бойында интернет қолжетімді болады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында депутат Әбутәліп Мүтәлі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Starlink, Amazon және қытайлық компаниялар

Мәжілісмен телекоммуникацияны дамыту бойынша заң жобасында қамтылған негізгі мәселелер бойынша журналистердің сұрағына жауап берді.

«Осы заңмен біз спутник интернеттің Қазақстан аумағында жұмысын реттеп отырмыз. Олардың реттелуі неге негізделіп отыр? Біріншіден, Қазақстанның киберқауіпсіздікке қатысты заңнамаларыныңа сай олар осында жұмыс істеуі керек. Өз антеннасын Қазақстанда орналастыруы керек. Біздің ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салған сайттар, қосымшалар бар. Солардың бәрін енді осы заң аясында реттейміз. Қазір Starlink желісімен келісімшарт жасасақ, одан кейін Amazon компаниясының спутниктік желісі және қытайлық компаниялар келеді. Солар кірген соң жолдардың бойында, ұшақта интернет қолжетімді болады», - деді Әбутәліп Мүтәлі.

Депутаттың айтуы бойынша 2026 жылдың аяғына дейін пойыздарда және республикалық трассаларда интернет пайда болады. Ол Алматы-Астана тасжолы бірінші кезекке қойылғанын атап өтті.

Контекст

Айта кетейік, бұдан бұрын "Қазақтелеком" басшысы Бағдат Мусин жаңа технология арқылы интернет 50-ден астам тұрғыны бар 3000 ауылға тартылатынын мәлімдеген.

Оның дерегінше, 2027 жылдың соңына дейін:

  • 1 млн-нан астам ауыл тұрғыны интернетке қосылады;
  • 1 941 мектеп пен 2 905 мемлекеттік мекеме қамтылады;
  • жалпы инвестиция көлемі 239 млрд теңгені құрайды.