Ақтөбе облысында 2020 жылдан бері 3 шенеунік өз-өзіне қол салған

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Ел өңірлерінде шенеуніктердің суицид фактілері жиілеуіне байланысты Ulysmedia.kz бірқатар облыс әкімдеріне сұрау жолдап, мемлекеттік қызметкерлердің, оның ішінде әкімдік жүйесіндегі лауазымды тұлғалардың психологиялық және әлеуметтік жағдайын бақылау шаралары жөнінде мәлімет алуға тырысты.

ҚАНДАЙ ШАРАЛАР АТҚАРЫЛАДЫ?

Редакция сауалына алғаш болып жауап берген Ақтөбе облысы әкімдігі шенеуніктердің қызметтік жүктемесі мен психологиялық жай-күйін бақылау тұрақты негізде жүзеге асырылатынын жеткізді.

“Осы бағытта профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер үшін психологиялық тұрақтылықты арттыруға бағытталған тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы базасында психологиялық қолдау көрсету, кәсіби күйзелістің алдын алу және стресс-менеджмент тақырыптарында біліктілікті арттыру курстары өткізіледі”, – делінген жауапта.

СУИЦИД СТАТИСТИКАСЫ

Сондай-ақ, әкімдіктегілер мемлекеттік қызмет жүйесінде кадрлық ахуалды талдау шеңберінде қызметтен кету, денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан босау және өзге де әлеуметтік көрсеткіштер бойынша тұрақты статистикалық есеп жүргізілетінін мәлімдеді. 

“Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік-психологиялық әл-ауқатын нығайту және осындай жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Тиісті профилактикалық шаралар жалғасады”, – дейді шенеуніктер.

Әкімдік дерегінше, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында суицид фактілері 2020, 2025 және 2026 жылдары тіркелген.

БЕС АЙДАҒЫ ЕКІ ӨЛІМ

Еске салайық, 2026 жылғы 6 мамырда Кенқияқ ауылдық округінің бұрынғы әкімі, 43 жастағы Қуанышбек Серікжановтың өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Оның денесі өз үйінде табылған.

Ол мемлекеттік қызметте 2014 жылдан бері жұмыс істеген. 2023 жылдың қазан айында Кенқияқ ауылдық округінің әкімі болып тағайындалған. Әріптестері оны отбасына адал азамат, қызметіне жауапты маман ретінде сипаттайды –  артында жұбайы мен төрт баласы қалды.

Қайғылы жағдайдан екі күн бұрын, яғни 4 мамырда ол әкімдікке келіп, әрі қарай қызметін жалғастырмайтынын айтып кеткен. Әріптестері оның шешімін қайта қарауын сұрағанымен, ол өз ұстанымын өзгерпеген. 5 мамыр күні оның жұмыстан босатылуы туралы бұйрыққа қол қойылған. Ал 6 мамыр күні таңертең ол өз шаңырағында өлі күйде табылды.

Шенеуніктің қоштасу хаты табылмаған, өмірінің соңғы сағаттары туралы дерек жоқ. Отбасы да бұл жағдайға байланысты ресми пікір білдірмеген.

Серікжанов –  Ақтөбедегі өз-өзіне қол салған алғашқы әкім емес.2025 жылдың желтоқсанында Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов те дәл осындай жағдайда өмірден өткен. 46 жастағы қала басшысының денесі өз үйінің ауласынан табылған. Оның артында алты баласы қалды.

Осылайша, бір аудан аумағында бес ай ішінде екі бірдей әкімнің өз-өзіне қол жұмсауы қоғамда күдік туғызып, аталған істерге үшінші тұлғалардың қатысы жоқ па, қызметтік қысым көрсету немесе қоқан-лоқы жасалмады ма деген сұрақтарды көлденең тартты.