Қоғамда дау тудырған «Қыз Жібек» фильміндегі басты кейіпкердің қамзолы қайда сақталатыны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тарихи жәдігердің тағдырына қатысты сауалға парламент палаталарының бірлескен отырысы кулуарында мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жауап берді. Оның сөзінше, министрлік актриса Меруерт Өтекешовамен ортақ келісімге келген.
«Ол кісі “Қыз Жібек” костюмінің толық жиынтығы жиналғаннан кейін оны “Қазақфильм” музейіне тапсыруға дайын екенін айтты. Бұған дейін де айтқанмын, мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін қазір “Қазақфильм” музейіндегі барлық дүниені цифрландырып жатырмыз. Қазақстан киносына пайдаланылған барлық костюмдер мен реквизиттер арнайы базаға енгізіледі. Кейін олардың бәрі көпшілікке ұсынылып, қайда екені бақылауда болады», — деп түсіндірді Кочетов.
Осы оқиғадан кейін қоғамда “Мәдениет министрлігі жәдігерлерге көңіл бөлмейді” деген сын айтылған. Вице-министр бұл сынмен келіспейтінін жеткізді.
«Министрлік осы уақыт бойы қазақ киносына қатысты көптеген реквизиттің сақталуымен айналысып келеді. Енді бұл бағыттағы жұмысты қайта қарап, жәдігерлерді цифрландыруды күшейтеміз. Сондықтан алдағы уақытта қазақстандық кино реквизиттеріне қатысты жағдай мүлде басқаша болады деп сендіремін. Бізде экспонаттардың арнайы тізілімі бар, қазір соны цифрландырып жатырмыз», — деді ол.
ДАУҒА АЙНАЛҒАН БҰЙЫМ
Еске сала кетейік, әйгілі Қыз Жібек фильміндегі қамзолдың кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтың жұбайы Баян Алагөзованың қолына түсуі үлкен дау тудырды. Ол бұл бұйымды Instagram желісіндегі парақшасында көрсетіп, ұмыт болған киімді көзінің қарашығындай сақтаған әйелден алғанын айтты.
Кейін Мәдениет министрлігі «Қазақфильм» қорында камзолдың бір түпнұсқасы ұлттық мұра ретінде сақтаулы екенін хабарлады. Сондай-ақ тағы бір дананың қалайша жеке адамның қолына өткенін анықтау мәселесі көтерілген. Бұған жауап ретінде Алагөзова бұл камзол ұзақ уақыт ешкімнің назарында болмағанын, тек өзіне өткеннен кейін ғана талқылау басталғанын айтқан.
Ал бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова продюсерден ұлттық мұраға жататын бұйымды музейге тапсыруды сұраған.
Сондай-ақ, бұдан бұрын Алагөзова фильмде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешеваға үндеу жасап, ризашылық белгісі ретінде оған тон сыйлағысы келетінін жеткізді. Сондай-ақ, продюсер өнер иесіне ай сайын 1 миллион теңгеден тұрақты түрде төлеп тұруға уәде берді.
Кейінірек актрисамен арнайы кездескен продюсер дау тудырған қамзолды Меруерт Өтекешоваға табыстады және оған ел құрметінің белгісі ретінде пәтер сыйлауға ниетті екенін жеткізді.