Сот Оразалы Ержановтың бостандығын 4 жылға шектеді

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz

Алматының Алмалы аудандық соты заңгер, «Elge Qaitaru» қорының жетекшісі Оразалы Ержановтың бас бостандығын 4 жылға шектеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

ҮКІМ

Сот үкімі бойынша, Оразалы Ержанов қылмыстық кодекстің 150-бабының 2-бөлігі «Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі жасау» бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бостандығын шектеп, пробациялық бақылауға алу жазасын тағайындады.

Бұдан бөлек, сот үкіміне сәйкес, оған 5 жылға қоғамдық  жұмыспен айналысуға тыйым салды.

Сот жарыссөзінде прокурор Жәнібек Мамытов соттан Оразалы Ержановқа дәл осы жазаны беруді сұраған.

Оразалы Ержанов сот үкімімен келіспейтінін айтты. Ол алдағы уақытта апелляциялық шағым түсірмек.

– Сот үкімімен келіспейміз, әрі қарай апелляция береміз, – деді ол журналистерге.

СОҢҒЫ СӨЗ

Оразалы Ержанов соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол Жаңа Конституцияға байланысты референдумға «ақылды бойкот» жариялау қылмыс емес екенін айтты. 

– Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Мен бас кесетін қылмыс жасаған жоқпын», — деді ол.

Сондай-ақ соңғы сөзінде Оразалы Ержанов «Бүгін мені ғана емес, сөз бостандығы мен қазіргі қолданыстағы Конституцияның 20-бабын да соттап жатыр» деді.

АЙЫП

Айыптау актісіне сәйкес, Оразалы Ержановқа Қылмыстық кодекстің 150-бабының 2-бөлігі – «Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі жасау» бойынша айып тағылған. Оған 15 наурызда Жаңа Конституцияға байланысты өткен референдум қарсаңында Facebook желісінде жазған посттары себеп болған. 

– Оразалы Ержанов 2026 жылы 12 ақпанда сағат 10:11-де Алматы қаласының аумағында бола отырып, әлеуметтік желідегі басқа да анықталмаған пайдаланушылармен алдын ала сөз байласу арқылы, Facebook желісіндегі «Оразалы Ержанов» деген атпен тіркелген жеке парақшасында референдумға «Egov» қосымшасы арқылы бойкот жариялауға шақырған жазба жариялаған.Жазбада көрсетілген сілтеме арқылы азаматтарды Орталық сайлау комиссиясына жүгініп, Қазақстан Республикасында референдум өткізуден бас тарту мазмұнындағы өтініш жолдауға үндеген. Сонымен қатар, Ержанов осы жазбасында 2026 жылы 15 наурызда Түркістан қаласында Конституция жобасын талқылау мақсатында құрылтай өткізуді ұсынған, яғни бұл күн ресми республикалық референдум өтетін күнмен сәйкес келеді, – делінген айыптау актісінде.

Сондай-ақ айыптау актісінде Оразалы Ержановтың Facebook желісінде жарияланған жазбаларының бірінде Жаңа Конституция жобасының кіріспесінде бекітілген «заң мен тәртіп» қағидатын нацистік Германиядағы билік әдісімен салыстырғаны туралы айтылған.

ҰСТАЛУ

Оразалы Ержанов биыл ақпанның соңында ұсталған. Бастапқыда оның үйінде тінту жүргізіліп, кейін белсенді 10 тәулікке қамалған.

5 наурызда Алматы соты Ержановты екі ай қамауға алуға санкция берген. 16 наурызда, Конституция бойынша референдум өткен күннің ертесінде ол сот шешімімен абақтыдан үйқамаққа ауыстырылды.

Референдум жөніндегі орталық комиссия есебінше, Жаңа Конституция жобасын дауыс беруге қатысқан халықтың 87,15 пайызы қолдаған. Қарсы 9,83 пайызы қарсы дауыс берген.