Мемлекеттік Думаның депутаты Андрей Колесник Ресейге "сатқындық" жасағаны үшін өлім жазасын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Колесник “Подмосковье сегодня” басылымына берген сұхбатында осындай пікірін ортаға салды.
Саясаткер сырттай сотталған Ресей публицистері мен елден кетіп қалған блогерлер де “cатқындар” санатына кіретінін жеткізді.
"Жарайды, олар Ресейден қашып кетті, отырсын, жұмыс істесін. Бірақ адам Ресейге қарсы жұмыс істегенде – бұл "ақпараттық соғыс" деп аталады. Бұл кәдімгі қарудан қауіптірек... Зұлым тілдер мылтықтан анағұрлым қорқынышты", – деп атап өтті Колесник.
Оның айтуынша, "Отанын сатқандар" заң бойынша жаза алған. Ол сондай-ақ сотталған ресейліктерді Отанына қайтармай-ақ үкімді орындауға болатындығын жоққа шығармады.
"Менің жеке пікірім – егер адам Ресейге қарсы қандай да бір ауыр қылмыс жасаған болса, онда үкім басқаша болуы мүмкін. Бұл үкімді ол (сотталушы – ред.)тұрған аумақта орындауға болады", - деп қорқытты депутат.
Журналист депутаттың өлім жазасы туралы айтып тұрғанын нақтылауға тырысты.
"Сатқындық үшін бұл айрықша жазаны қолдануға болады. Қазір бізде өлім жазасына мораторий бар, дегенмен ол біздің заңнамада бар. Мораторийді алып тастау туралы шешімді Мемлекеттік дума емес, сот қабылдайды. Десе де, Мемлекеттік Думада көптеген адамдар мұны қолдайды, - деп жауап берді Колесник.
Ресей Конституциясына сәйкес, 1997 жылдан бастап өлім жазасы тағайындалмауы және орындалмауы керек.