Ресей президенті Владимир Путин әскери шығынды азайтуға көнбей отыр. Бұл жөнінде Bloomberg басылымы жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Bloomberg мәліметінше, Ресей қаржы министрлігі мен Орталық банк өкілдері Владимир Путинге әскери шығындар бюджет тапшылығының қауіпті шамада өсуіне әкеліп жатқанын ескертіп, қорғаныс шығындарын қысқартуды ұсынған. Бірақ Путин одан бас тартып, қаржы үнемдеудің басқа жолдарын іздеуді тапсырған.
Басылымның жазуынша, бұл Украинада соғыс басталғалы Ресей билігінде болған ең ірі келіспеушіліктердің бірі. Кремль мен қорғаныс министрлігінің бір бөлігі, керісінше, армияны қосымша қаржыландыруды қолдап отыр. Олар әскери тапсырыстарға тәуелді кәсіпорындар зардап шегеді деп қауіптенеді.
Bloomberg дерегінше, 2026 жылы Ресей қорғаныс министрлігінің бюджет тапшылығы 3 трлн рубльге жетуі мүмкін. Ресей бюджетінің кейінгі нұсқасында 2026 жылы қаржы дефициті 3,8 трлн рубль болады деп белгіленгенімен, биыл бірінші тоқсанда оның көлемі 6 трлн рубльге жуықтап, соғыс басталғалы бергі ең жоғары деңгейге жеткен.