«Қорғас ісінің» фигуранты Сергей Ильин қайтыс болды

Ulysmedia
Фото: Orda.kz

«Қорғас ісі» бойынша фигуранттардың бірі – Сергей Ильин қайтыс болды. Бұл жөнінде журналист Аян Шәріпбаев Facebook желісінде жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Аян Шәріпбаевтың жазуынша, атышулы «Қорғас ісі» бойынша айыпталушылардың бірі болған Сергей Ильин жүрек талмасынан көз жұмған.

– Мен Сергейді мектеп қабырғасынан бері білетінмін. Оны әрдайым бәріне қол ұшын беруге дайын адам ретінде танитынмын. Көңілді жан еді. Ақыл-ойы ұшқыр болатын. Оның қаржы әлемінің құрылымын ішінен көре алатын  және феноменалды есте сақтау қабілеті бар еді. Өкініштісі, ол өз талантын лас ақшаны жылыстатуға көмектесуге жұмсады. Қылмыстық жолмен табылған сол бір ақшаларды.

Кейін түрме болды. Қорқынышты азаптаулар болды. Сот үкімі мен лагерь болды. Ал содан кейін ол ашық мәлімдеме жасауға көшті. Ол бізге бәрін айтып берді: қалай азаптағандарын, схемалардың қалай жұмыс істегенін, лас схемалардың басында кімдердің тұрғанын», – деп жазды Шәріпбаев желідегі парақшасында.

Журналистің айтуынша, Ильин тергеуге көмектесуге және істі соңына дейін жеткізуге дайын болған. Алайда кейін оған қойылған «шизофрения» диагнозы оның берген жауаптарын күмәнді етіп, айтқандары ескерусіз қалған.

Контекст

Айта кетейік, Ильин мәлімдеген азаптау оқиғалары Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігін (қаржы полициясы) Қайрат Қожамжаров басқарған кезеңге қатысты. Ал «Қорғас ісі» бойынша тергеуді сол кезде Қожамжаровтың жақын серігі саналатын Олеся Кексель жүргізген.

Қазір Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроның бұрынғы басшысы Талғат Тәтубаев қамауда отыр. Ал бұрынғы арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі Олеся Кексель үйқамақта. Екеуі де Қожамжаровтың жақын серіктері ретінде аталады.

Ал Қожамжаровтың өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарағанымен, оның процессуалдық мәртебесі жөнінде ресми органдар нақты мәлімет берген жоқ.