Алатау қаласының құрамына енген ауылдар мен кенттерде жеке тұрғын үй құрылысы үшін тегін 10 сотық жер алуға кезекте тұрған қазақстандықтар жаңа кезекке қайта тіркелуге мәжбүр болады. Алайда олардың бұрынғы кезектегі орны сақталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz krisha.kz-ке сілтеме жасап.
Толығырақ
Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі осыған байланысты арнайы ережелер әзірледі. Жаңа тәртіп Алатау қаласының құрамына енген елді мекендерде жер кезегінде тұрған азаматтарға қатысты қолданылады.
Министрліктің мәліметінше, Алатау ерекше мәртебесі бар қала ретінде дамиды. Осыған байланысты қала аумағында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдері берілмейді.
Сол себепті жер алуға ниетті азаматтар қайтадан кезекке тұруы керек болады. Бірақ бұл жолы олар тұрғын үй құрылысына жерді басқа ауыл немесе кентті таңдауы қажет.
Жаңа ережеге сәйкес, азаматтардың кезектегі «тең дәрежелі орны» сақталады. Яғни, бұрын кезекке тұрған күні өзгермейді. Мысалы, өтініш 2022 жылы берілген болса, қайта тіркелген кезде де сол күн негізге алынады. Осылайша азаматтар кезектің соңына түсіп қалмайды және күткен уақыты есептен шығарылмайды.
Бұл өзгерістер «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» заң қабылданғаннан кейін әзірленді.
Жаңа тәртіп 2027 жылдан бастап күшіне енеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта құжат қоғамдық талқылауға шығарылған. Талқылау 17 маусымға дейін жалғасады.
Мамандар кезекте тұрған азаматтарға өз мәліметтерін алдын ала тексеріп, кезекке қойылған күн туралы ақпаратты сақтап қоюға кеңес береді. Кейін қайта өтініш берген кезде осы деректерді салыстыруға болады.
Кезек туралы ақпаратты электрондық цифрлық қолтаңба арқылы екі тәсілмен тексеруге болады:
eGov порталындағы «Бұрын берілген өтініштердің деректерін өзектендіру» бөлімі арқылы;
Бірыңғай мемлекеттік жер кадастры жүйесіндегі «Менің профилім» – «Менің кезектерім» бөлімі арқылы.
Аталған сервистерде азаматтар кезектегі нөмірін, өтініш берген күнін және өтініш мәртебесін көре алады.