Атыраудағы қанды оқиға: Сотта марқұмдардың сүйегін қазып алған сәттің видеосы көрсетілді

Ulysmedia
Фото: Ақ Жайық

Жангелдин ауылындағы бес адамнан тұратын отбасының өліміне қатысты сот отырысында куәгерлер тыңдалып, жаңа мән-жайлар айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Ақ Жайыққа" сәлтеме жасап.

Толығырақ

Сотта сөз алған соңғы екі куәгер марқұмдардың малын бағып жүргендерін жеткізді. Олардың айтуынша, отбасы жоғалып кеткеннен кейін де малға қарау жалғасқан. Куәгерлерге Наурыз Мұқанғалиевтің WhatsApp аккаунтынан тұрақты түрде хабарламалар келіп тұрған.

Куәлардың бірі марқұмдардың төрт сиырын қорасына қамап, әр бас мал үшін айына 4 мың теңгеден ақы алғанын айтты. Оның сөзінше, көршілері үй иелерінің жоқ екенін айтып, малды уақытша қарауға өтініш білдірген.

Тағы бір куәгер Наурыз Мұқанғалиевтің атынан келген хабарламада отбасы Ташкентке емделуге кеткені және қорадағы малға күтім қажет екені жазылғанын мәлімдеді. Ол күн сайынғы жұмысы үшін 3 мың теңге алып отырғанын, ал қой бағуға қосымша ақы төленгенін айтты. Кейін сол аккаунттан ақша жоқ екенін айтып, бір баспақты алып кету туралы хабарлама келгенін жеткізді.

Куәгерлердің айтуынша, олар ұзақ уақыт бойы хабарламаларды шынымен Наурыздың өзі жіберіп отыр деп ойлаған. Алайда кейін байланыс толық үзілген.

Сот барысында Мақсот Қарабаллиннің қарындасы одан бір сиыр қайда екенін білгісі келді. Құжат бойынша ағасында 10 бас мал емес, 11 бас мал деп жазылғанын, бір сиыр жоқ екенін айтты. 

Куәгер оған малды қабылдап алғанда он бас мал болғанын, төрт сиыр емес, үш сиыр болғанын айтты.

Куәлардан жауап алынғаннан кейін сот іс материалдарын зерттеуге көшті. Отырыста Мақсот Қарабаллин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның Жангелдин ауылындағы үйдің сарайынан табылған мәйіттерін қазып алу сәті түсірілген бейнежазбалар қаралды.

Судья психологиялық тұрғыдан ауыр әсер етуі мүмкін деген себеппен мәйіттер бейнеленген кадрларды түсіруге және жариялауға тыйым салды. Бейнежазба көрсетіліп жатқанда марқұмдардың туыстары көз жасына ерік берсе, айыпталушы Сәрсемалиев экранға үнсіз қарап отырғаны байқалды.

Қылмыс тарихы

Еске салайық, Атырау облысы Женгелдин ауылында тұратын Қарабалиндер отбасы 2025 жылдың желтоқсан айының соңында із-түзсіз жоғалып кеткен.

Кейін 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның әйелі Нәсіп Өтешқалиеваның денелері өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық құрылысының астынан табылды.

Отбасының күйеубаласы Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның әйелі халықаралық іздеуге жарияланып, 2026 жылдың ақпанында Бали аралында ұсталған. Қазақстанға экстрадицияланғаннан кейін Сәрсемәлиев Қарабалиндердің ұлы мен қызының мәйіттері жасырылған орынды өзі көрсеткен. Олардың сүйектері Атырау маңындағы жалдамалы үйдің ауласынан табылды.