Зеленский Путинді кездесу өткізіп, соғысты аяқтауға шақырды

Ulysmedia
Фото Telegram @Zelensky

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинге арналған ашық хат жариялады. Онда Украина басшысы соғыс Кремль жетекшісінің жеке таңдауы болғанын айтып, оны тікелей келіссөздерге шақырды және жеке кездесудің нақты күнін белгілеуді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Зеленский Путиннің президенттік қызметінің алғашқы кезеңінде көптеген украиналықтардың оған оң көзқараспен қарағанын, алайда соғыс жылдарында бұл көзқарастың түбегейлі өзгергенін еске салды.

«НАТО, геосаясат және орыс тілі туралы не айтсаңыз да, бұл соғыс – сіздің жеке таңдауыңыз. Бұл – нақты себебі жоқ соғыс. Тарих оны дәл осылай есте сақтайды», – делінген хатта.

«Соғыстан шығудан қорықпаңыз»

Үндеудің елеулі бөлігі майдандағы жағдай мен қақтығысты реттеу перспективаларына арналған. Киев әскери қимылдардың жалғасуына мүдделі емес және соғысты аяқтау мәселесін талқылауға дайын екенін мәлімдеді.

«Соғыстан шығудан қорықпаңыз, дәл қазір сізден талап етілетін ең басты нәрсе осы. Украина өз тәуелсіздігін сақтап қалды. Және сақтап қалады. Қандай болжамдар айтылса да. Біз Украинада мәңгілік соғысты қаламаймыз. Соғыссыз өмірдің әлдеқайда дұрыс екенін жақсы білеміз. Біз соған қол жеткізгіміз келеді», – деп жазды Зеленский.

Зеленский Путинге бейтарап алаңда жеке кездесу өткізіп, соғысты аяқтау жолдарын талқылауды ұсынды.

Украина президентінің пікірінше, келіссөздер процесіне болашақ келісімдердің ықтимал кепілгерлері ретінде АҚШ пен Еуропа елдері де тартылуы тиіс.

«Мен сізге кездесу өткізуді ұсынамын. Соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешу үшін мемлекет басшыларын дәстүрлі түрде қабылдайтын елдер бар. Швейцария, Түркия, араб әлемінің елдері – мұндай кездесуді қабылдауға дайын әрі ниетті мемлекеттер көп. Негізгі мәселелерді әрқашан көшбасшылар шешеді , бұрын да солай болған және болашақта да солай болады», – деді ол.

Украина келіссөздер кезеңінде атысты толық тоқтатуға, әскери тұтқындарды «бәрін бәріне» қағидаты бойынша алмастыруға, сондай-ақ соғыс барысында тұтқындалған бейбіт тұрғындар мен балаларды қайтару мәселелерін талқылауға дайын екенін мәлімдеді.

«Қазіргі майдан шебі – дипломатия басталуы тиіс шеп. Украина келіссөздер кезеңінде атысты толық тоқтатуға дайын. Нақты тыныштық орнатуға жасалған талпыныс – бір-бірімізбен сөйлесуді бастау үшін ең жақсы бастама», – делінген үндеуде.

Хаттың соңында Зеленский алдағы жолды таңдау Ресей басшылығының қолында екенін айтты. Сонымен бірге Украина өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы күресті жалғастыратынын мәлімдеді.