«Кайраттың» қос футболшысы Forbes тізіміне енді

Ulysmedia
Коллаж: offside.kz

Forbes Kazakhstan еліміздегі жас көшбасшыларға арналған жыл сайынғы дәстүрлі «30 жасқа дейінгі 30 дарын» рейтингін жариялады. Биылғы тізімде Қазақстан спортын халықаралық аренада танытып жүрген жас таланттар ерекше көзге түседі. Рейтингке енген қатысушылардың жасы 2026 жылдың 1 маусымындағы деректер негізінде есептелген деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Дастан Сәтбаев (17 жас)

Алматылық Қайрат ФК академиясының түлегі соңғы жылдары қазақстандық футболдың басты жұлдыздарының біріне айналды. 2024 жылы QJ League жобасының ең құнды ойыншысы атанып, 15 жасында «Қайраттың» негізгі құрамында дебют жасады. 2025 жылы Премьер-лиганың үздік ойыншысы атанып, 25 матчта 14 гол соқты. Сол жылы 17 жасында УЕФА Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас гол авторларының қатарына енді. 2025 жылы ақпанда ол ағылшындық Chelsea FC клубына шамамен 4 млн еуроға бағаланған рекордтық трансфермен ауысты.

Темірлан Анарбеков (22 жас)

Қайрат ФК қақпашысы Еуропа аренасында жарқыраған сәттерімен танылды. 2025 жылы Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде «Селтикке» қарсы ойында пенальти сериясында үш соққыны қайтарып, команданы тарихи жетістікке жеткізді. Кейін «Олимпиакосқа» қарсы матчта 8 сейв жасап, ойынның үздік ойыншысы атанды. Сол жылы Қазақстан ұлттық құрамасында да дебют жасады.

Кәрім Меңдіқанов (15 жас)

Орал мен Астанадағы футбол мектептерінің түлегі, оң қаптал вингері. 2022 жылы отбасымен Испанияға қоныс аударған. Испания U15 чемпионатында «Сан-Кугат» сапындағы ойыны арқылы ірі клубтардың назарына ілікті. 2026 жылы каталондық FC Barcelona академиясына қосылады деп жоспарлануда.

Александр Бублик (28 жас)

Қазақстанның бірінші ракеткасы мансабындағы ең мықты кезеңін өткізіп жатыр. 2025 жылы Галледегі ATP 500 турнирінде әлемнің үздіктерін жеңіп чемпион атанды. Кейін бірнеше халықаралық турнирде топ жарды. 2026 жылы қаңтарда ATP 250 турнирін ұтып, әлемдік рейтингтің ТОП-10 қатарына кірді.

Данил Голубенко (21 жас)

«molodoy» лақап атымен танылған CS2 киберспортшысы. 2025 жылы Бразилияның FURIA Esports командасына қосылып, халықаралық турнирлерде жеңіске жетті. «Thunderpick World Championship» чемпионы атанып, әлемдік рейтингтің үздік ойыншылары қатарына енді.

Үміткерлер Forbes Kazakhstan редакциясына түскен өтінімдер, сарапшылар ұсыныстары және ішкі зерттеулер негізінде іріктелген. Тізімге спорттан бөлек бизнес, ғылым, медиа, технология және өнер салаларының өкілдері де кірген.