«Хабар» арнасы журналистерінің басы тағы да дауға қалды. Телеарна әнші Жасұлан Базарбайды «КешREC» бағдарламасына шақырып, оның сөйлемейтін, ерекше қызын жасанды интеллект арқылы сөйлетіп, эфирден көрсеткен. Желі қолданушылары арна журналистерінің бұл әрекетін «қатыгездік» пен «цинизм» деп бағалап жатыр.
«Қатыгездік» пен «цинизм»
Журналист Аян Қалмұрат Facebook желісінде «КешREC» бағдарламасының осы бір даулы видеосымен бөлісіп, «Хабар» журналистерінің әрекетін сынға алды.
– «Хабар» арнасы таңғалдырудан жалықпайды. Мына тірлігін қараңыздар енді. Жасұлан Базарбай деген әншінің қызы ерекше бала, сөйлемейді. Сөйлемейтін қызын мына хабардың журналистері жасанды интеллект арқылы «сөйлетіп», «арманын орындап отыр» екен. Не деген қатыгездік, не деген цинизм бұл? Қойыңдар деген бір адам болмағаны ма ұжымда? Сөзім жоқ, – деп жазды журналист.
Ал журналист Гүлмира Әбіқай бұны эфирге келген адамның жанды жерін жұлмалау деп бағалады.
– Онсыз да жаралы жүректі жұлмалау ғой мынау, қалай бұл эфирге кеткен? Әлде ҚР ЖИ дамып жатыр деген ұранмен бюджетті жымқыру ма?, - деп пікір білдірді.
Даулы бағдарлама
Әлеуметтік желіде тараған «КешREC» хабарының үзіндісінде бағдарлама жүргізушісі әнші Жасұлан Базарбайға «Бізде бір бейне жазба бар. Сіздің арманыңызды кішігірім осылай орындасақ па дейміз» деп, экраннан әншінің сөйлемейтін, ерекше қызын жасанды интеллект арқылы сөйлетеді. Осыдан кейін әнші көзіне жас алып, үнсіз отырып қалады. Бірақ журналист одан әрі әншінің отбасы мен балалары туралы сөз қозғауын жалғастырады.
– Екі ұлдан кейін сұрап алған өзіңіздің тәтті қызыңыз. Әлеуметтік желіде осы фотосуреттеріңізді қарап отырсақ, расымен де, жаңа өзіңіз эфирдің басында айтқанда естідіңіз ғой, супер әке деп. Расымен де супер әке деуге болады ау сізді. Сіз айыпқа бұйырмаңыз, бірақ біз бұл нәрсені әлеуметтік желіде сіз «менің осындай арманым бар» деп айтқан екенсіз, өзіңіз салған екенсіз, содан кейін біз әлеуметтік желіге салған арман, ойыңызды кішігірім осылайша орындасақ па дегеніміз ғой, – дейді жүргізуші.
Бірақ Жасұлан Базарбай журналистің бұл сөздеріне де ешқандай реакция білдірмейді. Тек көз жасын сүртіп, ауыр күрсініп, үнсіз отыра береді. Кейін үзіліс беруді сұрап, студиядан шығып кетеді. Жүргізуші “Үзілісті ертерек жариялап жіберейік. Одан кейін бағдарламамызды жалғасытрамыз” дейді.
Бұған қоса, телеарна бағдарламаның аңдатпасына әншінің суретін қойып, “Эфирде жылайтындарға жыным келетін” деген тақырып қойған.
Контекст
«Хабар» телеарнасы бұған дейін де дауға қалған. «Бірақ...» ток-шоуы күйеуінен 18 жыл бойы қорлық көрген әйелді шақырып, оны эфирде күйеуімен табыстырмақ болған. Бұл көрермендер мен әйел құқығын қорғаушылардың сынына ұшырап, көп ұзамай бағдарлама жабылған.