Астанадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында түсірілген видео әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Видео авторының айтуынша, оқиға 1 маусым күні шамамен сағат 17:45-те болған. Оның сөзінше, сауда орталығында отырған кезде белгісіз ер адам өзін жасырын түрде етегінің астынан видеоға түсірген болуы мүмкін деген күдік туындаған.
Қыз алғашында ешнәрсе байқамағанын айтады. Алайда ер адамның өзіне тым жақын келіп отырғанын және сөмкесінің үстіне қойылған телефонын көргеннен кейін күдіктене бастаған. Кейін ол әлгі адамның соңынан ергенімен, күдікті сауда орталығынан шығып кетіп үлгерген.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?
Оқиғадан соң қыз бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, полицияға жүгінуге әрекет жасағанын жеткізді. Алайда оның айтуынша, құқық қорғау органдары мұндай жағдайда нақты дәлелдер болмаса, арыздың қараусыз қалуы мүмкін екенін ескерткен.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, қыз-келіншектерді қоғамдық орындарда сақ болуға шақыруда. Сондай-ақ мұндай оқиғалар орын алған жағдайда мүмкіндігінше дәлелдер жинап, ресми түрде құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес беруде.
Оқиғаға қатысты ресми органдар әзірге түсініктеме берген жоқ.