Астанада запастағы полковник қайтыс болды

Қалижан Бектемір
Фото: magnific.com

Астанадағы жекеменшік клиникалардың бірінде жоспарлы отаға дайындалып жатқан 51 жастағы запастағы полковник қайтыс болды. Оның туыстары болған оқиғаға байланысты жан-жақты және әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Марқұмның қызы бұл жағдай туралы Threads әлеуметтік желісінде жазған. Оның айтуынша, әкесі мұрын қалқасын түзетуге арналған септопластика және ұйқы кезінде тыныстың уақытша тоқтауын емдеуге бағытталған увулопластика операцияларын жасатуға келген.

Алайда пациент операцияға дейін жетпеген. Қызының сөзінше, отаға дайындық барысында әкесіне көктамыр арқылы дәрілік препарат енгізілгеннен кейін оның жағдайы күрт нашарлап кеткен. Көп ұзамай жүрегі тоқтаған.

Науқас шұғыл түрде Астанадағы №2 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілген. Ол ауыр жағдайда, терең комада жатқан. Дәрігерлер алты күн бойы оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, өлімнің себебі ми ісінуімен байланысты болған.

ТУЫСТАРЫ ТОЛЫҚ ТЕКСЕРУДІ ТАЛАП ЕТІП ЖАТЫР

Марқұмның жақындары енгізілген дәрілік препаратқа сараптама жүргізіліп, медицина қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілуі тиіс деп есептейді.

«Әкем жоспарлы операцияға ғана барған еді, бірақ үйге оралмады. Біз қолданылған препараттың толық зерттелуін және медициналық қызметкерлердің әрекеттеріне заң аясында баға берілуін талап етеміз. Құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдерінен бұл іске бейжай қарамауды сұраймыз. Бізге әділ әрі объективті тергеу қажет. Шындық анықталып, мұндай қайғылы жағдайлар басқа отбасыларда қайталанбауы тиіс», – деп жазды марқұмның қызы.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғаға қарамастан клиника жұмысын жалғастырып жатыр.

«Осындай жағдайдан кейін медициналық мекеме қалай қалыпты жұмысын жалғастыра алады? Егер мәселе енгізілген препаратқа байланысты болса, ол тағы қанша адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін? Қазір сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Біз Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми қорытындыларын күтіп отырмыз», – деді ол.

БҰҒАН ДЕЙІН ДЕ ҰҚСАЙ ЖАҒДАЙЛАР ТІРКЕЛГЕН

Соңғы уақытта жекеменшік клиникалардағы медициналық процедуралардан кейінгі өлім оқиғалары қоғамда қызу талқыланып келеді.

Бұған дейін Алматыдағы Smart Beauty клиникасында жасалған операция кезінде блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан қайтыс болған еді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Сондай-ақ Ақтауда иекке жасалған липосакциядан кейін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов көз жұмды. Кейін жүргізілген тексеріс барысында аталған медициналық мекемеде мамандандырылған реанимация бөлімшесі болмағаны анықталған.

Осы резонансты оқиғалардан кейін Қазақстанда медициналық ұйымдарға қатысты жоспардан тыс тексерулер басталған болатын.