Қытай Тайваньның шығысындағы теңіз аумағында теңіз заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған арнайы операцияның басталғанын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Global Times басылымына сілтеме жасап.
ОПЕРАЦИЯНЫҢ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?
Операцияны Қытайдың Көлік министрлігі Фуцзянь және Гуандун провинцияларының теңіз қауіпсіздігі басқармаларымен, Шығыс Қытай теңізінің навигациялық қамтамасыз ету орталығымен және Шығыс Қытай теңізін құтқару бюросымен бірлесіп жүргізіп жатыр.
Операцияның мақсаты – Қытайдың теңіз саласындағы әкімшілік юрисдикциясын толық жүзеге асыру, маңызды акваторияларда патрульдеу мен кеме қозғалысын бақылау мүмкіндігін күшейту, теңіздегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұлттық құқықтар мен мүдделерді қорғау.
ЖАПОНИЯ МЕН ФИЛИППИНГЕ ЖАУАП
Қытай тарапының мәлімдеуінше, бұл қадам Жапония мен Филиппиннің Тайваньның шығысындағы теңіз аумағын шектеу жөніндегі келіссөздерді біржақты түрде жариялауына жауап ретінде қабылданған. Бейжің мұны Қытайдың аумақтық егемендігіне, сондай-ақ теңіздегі құқықтары мен мүдделеріне елеулі нұқсан келтіретін әрекет деп бағалайды.
Жуырда Филиппин президенті Фердинанд Маркос кіші Жапонияға жасаған сапары барысында екі ел ерекше экономикалық аймақ пен континенттік қайраң шекарасын белгілеу жөніндегі келіссөздердің басталғанын мәлімдеген болатын. Жоспарланған шектеу Тайваньның шығыс жағалауына жақын орналасқан теңіз аумақтарын қамтиды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Тайваньның болашағына қатысты мәлімдеме жасап, материктік Қытай мен Тайваньның қайта қосылуы тарихи тұрғыдан сөзсіз екенін айтқан болатын.
РЕСМИ ҰСТАНЫМ
Бейжің Тайваньды өзінің бүлікші провинциясы деп санайды және аралдың өзге мемлекеттермен кез келген ресми байланысын Қытайдың егемендігі мен аумақтық тұтастығына қауіп ретінде қабылдайды. Осыған байланысты Қытай билігі Тайваньмен халықаралық деңгейде орнатылатын барлық ресми қарым-қатынасты үзілді-кесілді жоққа шығарады.