ҰҚК әзілкеш Нұрлан Сабуровқа қатысты жүргізілген тексеру қорытындысын жариялады. Ведомство мәліметінше, тексеру барысында заң бұзушылық белгілері анықталмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТАРАҒАН АҚПАРАТ
Бұған дейін БАҚ-та Сабуровтың «Вагнер» құрамындағы «Истра» бөлімшесіне мотоцикл сыйлап, «Все для победы» қорына 2 млн рубль аударғаны туралы ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты бірқатар БАҚ құқық қорғау органдарына ресми сауал жолдап, бұл әрекеттердің Қазақстан заңнамасы тұрғысынан бағалануын сұраған.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ МА?
ҰҚК бұған дейін аталған дерек бойынша тексеру басталғанын хабарлаған еді. Ал Ішкі істер министрлігі Сабуровқа қатысты қылмыстық іс қозғалмағанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Нұрлан Сабуровқа Ресей аумағына кіруге тыйым салынғаны хабарланған. Сондай-ақ Украинада оған қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған.
50 ЖЫЛДЫҚ ТЫЙЫМ ЖӘНЕ ШОУ ТАҒДЫРЫ
Бұл дау Ресей билігінің Нұрлан Сабуровқа елге 50 жылға кіруге тыйым салу туралы шешімі аясында өршіп отыр. Ресми себеп ретінде көші-қон және салық заңнамасын бұзу көрсетілген. Осы жағдайға байланысты «Что было дальше?» шоуының түсірілімін Қазақстанға көшіру мүмкіндігі талқылануда. Ресейлік Telegram-арналардың мәліметінше, жобаның командасы Роспатентте тауар белгілерін тіркеуде қиындыққа тап болған, себебі «Что было дальше?» және «ЧБД» атаулары бірегей деп танылмаған. Осы себепті Қазақстан түсірілімдерді заңдық кедергілерсіз өткізіп, жобаны толыққанды монетизациялауға қолайлы алаң ретінде қарастырылып отыр.