Анасы қайтыс болған 19 жастағы қыз әкесіне іздеу салды

Ulysmedia
Фото: әлеуметтік желіден

19 жастағы Әсел Еділова әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтардан көмек сұрады. Ол әкесін табуды және 10 жыл бұрынғы анасының өліміне қатысты істі қайта тергеуді сұрайды. 

Толығырақ

Ақтөбе қаласының тұрғыны Әсел Еділова TikTok әлеуметтік желісіне видео жариялады. Айтуынша, анасы Айнұр Еділова 1990 жылы туған. 2005-2006 жылдары Қобда ауданы Әлия ауылында тұрады. 2007 жылы Ақтөбеге көшіп келген. 

Әсел әкесі туралы ешқандай ақпарат білмейтінін айтады. Есімі Ерлан не Ержан болуы мүмкін. Қобда ауданы Әлия ауылының тумасы. Шамамен 1988-1990 жылғы болуы мүмкін. 

Бойжеткен видеода анасының өліміне қатысты күмәнді баяндайды. 

“2016 жылдың 26-27 мамырына қараған түні анам құрбысымен Елек өзенінің жағасында болған. Анамды “суға батып кетті” деп айтты. Өлімі жазатайым жағдай деп тіркелді. Ешкімді айыптамаймын. Бірақ анам жақсы жүзетін. Және сол кезде қасында болған құрбысын біз көрмедік. Садақасына келмеді. Мүмкін болса осы істі қайта қарап, тергеу жүргізуді сұраймын”, -деді Әсел. 

Видео авторының айтуынша, желідегі үндеуден кейін көп адам хабарласқан. Әкесінің ауылдастары да көмектесуге уәде берген. 

Әсел әзірге полицияға жүгінбеген. Алдымен анасының таныстарын тауып, қосымша ақпарат жинауды көздеп отыр. 

Өзі кішкентайынан нағашы әпкесінің тәрбиесінде болған. 2024 жылы “Аяла” балалар үйінде кейін колледж жатақханасында тұрған.

Әсел Еділова қазақстандықтардан ақпаратты таратып, анасының таныстарын және әкесі туралы білетін адамдарды табуға көмек берулерін сұрайды.

Автор: Ардақ Ерубаева