Сталкинг жасағандар 5 жылға дейін сотталуы мүмкін

Ulysmedia
Фото Pexels

Ішкі істер министрлігі сотталған адам жәбірленушіні қайтадан қудалаған жағдайда сталкинг үшін жазаны қатаңдатуды ұсынды. Бұл туралы ішкі Істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қазіргі уақытта сталкинг үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл (865 мың теңге), сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған.

Вице-министрдің айтуынша, сталкинг бабының қолданылу тәжірибесі қолданыстағы шаралардың жеткіліксіз болуы мүмкін екенін көрсеткен. Мәселен, Алматы облысында сотталған адам сот үкімі мен қамауға қарамастан, жәбірленушіні қудалауын жалғастыра берген.

«Біз оған қатысты қайтадан қылмыстық іс қозғадық. Дегенмен, қайталану қағидаты мен бірнеше рет жасалу белгісі жұмыс істеуі тиіс екенін көріп отырмыз», – деді Әділов.

ІІМ сталкинг үшін бұрын сотталған адам кейін жәбірленушіні қайтадан қудалаған жағдайларда қайталануды ескеруді ұсынып отыр.

«Біз бұл санатты орташа ауыр қылмыстар қатарына ауыстырып, бас бостандығынан айыру жазасын қарастыруды жоспарлап отырмыз», – деді Санжар Әділов.

Ұсынысқа сәйкес, бұрын сталкинг үшін жауапқа тартылған адамның жәбірленушіні қайтадан қудалауы қылмысты ауырлататын мән-жай ретінде қаралады. Мұндай жағдайда жаза күшейтіліп, кінәлі тұлғаға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Спикердің айтуынша, бұл мәселе қазіргі уақытта Мәжілістегі жұмыс тобының алаңында талқыланып жатыр.