"700-ден астам қате анықталған": Мектеп оқулықтары біртіндеп жаңартылады

Ulysmedia
ашық дереккөз

 Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қолданыстағы оқулықтардан әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескертпе мен қате анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Министрдің айтуынша, соңғы күндері бірқатар баспалар мен азаматтар тарапынан мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді жаңарту мәселесіне қатысты түсініктеме беру жөнінде өтініштер келіп түскен.

“Бүгінде қолданыстағы оқулықтар бойынша әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескертпе мен қате анықталды. Олардың қатарында техникалық және стильдік кемшіліктер, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, жекелеген материалдардың оқу бағдарламаларымен үйлеспеуі, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалардың қолданылуы бар. Әсіресе ұлттық мазмұнға лайықтап бейімделмеген материалдардың пайдаланылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару жолдары, оқу бағдарламасында көзделмеген шығармалардың енгізілуі, сондай-ақ тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пайымдар ерекше алаңдаушылық туғызып отыр”, – деп жазды ол.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартып, мектептерді жаңа оқу басылымдарымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сынып оқулықтары, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтары жаңартылады.