"Шындықты айтқанымды мойындаймын": Алматыда блогер Әділетхан Молдаханның соты өтіп жатыр

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Алматыда заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханның соты өтіп жатыр. Оған «көрнеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша айып тағылған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Алматының Алмалы аудандық сотында әл-Фараби даңғылындағы жол апатына байланысты видео түсіріп, полицияны сынаған заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханның соты өтіп жатыр.

Блогер сот үзілісінде журналистер сұрағына жауап беріп, өзінің кінәсін мойындағанына қатысты пікір білдірді.

– Менде қылмыс жасайтын ой болған жоқ. Шындықты айтқанымды мойындаймын, – деді ол.

Контекст

Бұған дейінгі сот отырысында Әділетхан Молдаханның адвокаттары тараптардың медиациялық және процессуалдық келісімге келу,  қамауда ұстау бұлтартпау шарасын үй қамаққа ауыстыруды сұрап өтінішхат түсірген.

Прокурор оған қарсылық білдіріп, жәбірленуші тарап өтінішхатты соттың қарауына қалдыған.

Сотқа төрағалық етуші судья Ерлан Қасымбек Әділетхан Молдаханды үйқамаққа жіберу туралы өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырған.

Жәбірленуші Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдіраимов 10 миллион теңге моральдық өтемақы және 1 миллион теңге сот шығындарын өтеуді талап еткен.

Іс бойынша Алматы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен қалалық әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев жәбірленуші деп танылған.

Әділетхан Молдаханға Қылмыстық кодекстің 274-бабы «Көрнеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылған. Блогер 21 наурызда Алматының әл-Фараби даңғылы бойында болған жол апатынан кейін әлеуметтік желіде пост жариялаған. Үш адамның өмірін қиған апатқа қатысты блогер полиция қызметкерлерінің жұмысын сынға алған. Сондай-ақ автокөлікпен жарыс ұйымдастыруға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген. 

Әділетхан Молдаханның 1 миллионнан аса оқырманы бар. Әлеуметтік желіде көбіне азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша заңгерлік кеңестер айтады.

Жол апатына қатысты сот процесі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. Ол туралы мына жерден оқи аласыздар: Үш адамның өмірін қиған жол апаты: Жәбірленуші тарап сотталушыға кешірім берді