«Путиннің досы» кісі өлтіруге тапсырыс берді деген күдікпен қамалды

Ulysmedia
cotidianul.md

«Путиннің досы» атанған Илья Трабер кісі өлтіруге тапсырыс берді деген күдікке ілініп, қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.

ТОЛЫҒЫРАҚ

17 маусымда Мәскеудің Басман аудандық соты ресейлік кәсіпкер Илья Траберді екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ол тапсырыспен адам өлтіруді ұйымдастырды деген күдікке ілінген.

Трабермен бірге қылмысты орындады деп күдікке ілінген Әлисұлтан Надирбегов те екі айға қамауға алынды. Екеуіне де пайдакүнемдік мақсатпен ұйымдасқан топ құрамында кісі өлтіру,  қаруды заңсыз сақтау баптары бойынша айып тағылды.

Іс бойынша барлығы төрт адам ұсталған. Қалған екі күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы жуық арада таңдалады.

Ресейлік БАҚ мәліметінше, айыптаулар 2020 жылы Санкт-Петербургтің муниципалдық депутаты әрі кәсіпкер Александр Петровтың өліміне байланысты. Петров саяжайда мерген винтовкасынан атылған оқтан қаза тапқан.

«ПУТИННІҢ ДОСЫ»

75 жастағы Илья Трабердің бизнесі Санкт-Петербург қаласының порттарымен тығыз байланысты. Ол 1990-жылдары қаладағы антиквариат саудасының ірі өкілдерінің бірі болған. Сондай-ақ «Петербург мұнай терминалы» компаниясын бақылаған. Сол кезеңде Санкт-Петербург әкімдігінде қызмет еткен Владимир Путинмен таныс болған.

БАҚ Траберді қылмыс әлемімен байланыстырады. 2016 жылы Испания оған «орыс мафиясына» қатысы бар деген күдікпен халықаралық іздеу жариялаған.

2018 жылы журналистер оны «Тамбов ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшесі» деп атағаннан кейін Трабер «Дождь» телеарнасына қарсы сотқа талап арыз берген.

«Дождь» телеарнасының сюжетінде Трабердің Ресейдің солтүстік-батысындағы барлық порттарда бизнесі бар екені, ал оның серіктесі кәсіпкер Николай Шамалов екені айтылған. БАҚ мәліметінше, Шамаловтың ұлы Владимир Путиннің қызына үйленген болуы мүмкін.