Қайғылы оқиға кеше Ақмола облысындағы «Астана – Қорғалжын» автожолында болды. Үш көліктің соқтығысуы салдарынан бес адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Апат туралы ақпарат Instagram желісіндегі 716.kz парақшасында жарияланды. Онда қайғылы оқиғаның жексенбі күні күндіз аталған тасжолда болғаны, салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің бар екені хабарланған.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, 21 маусым күні «Астана – Қорғалжын» автожолында Kia, Toyota Fortuner және Toyota Land Cruiser автокөліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болған.
Соқтығысу салдарынан Toyota маркалы екі автокөлік өртеніп кеткен.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, жол-көлік оқиғасы салдарынан бес адам қаза тауып, тағы бес адам түрлі жарақаттармен медициналық мекемелерге жеткізілді. Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Апаттың барлық мән-жайы анықталуда», – деп мәлімдеді Ақмола облысының полиция департаменті.