АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің алғашқы кезеңі Швейцарияда өтті. Келіссөздер басталар алдында екі ел арасында шиеленіс күшейген болатын. Иран Ормуз бұғазын қайта жабуы мүмкін екенін айтса, АҚШ президенті Дональд Трамп бұған жауап ретінде Иранға қарсы әскери әрекеттерді қайта бастау қаупін ескертті. Соған қарамастан тараптар келіссөз үстеліне отырып, алдағы 60 күн ішінде түпкілікті келісімге келудің жоспарын бекітті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Reuters агенттігінің жазуынша, Катар мен Пәкістанның делдалдығымен өткен кездесуде екі ел алдағы 60 күн ішінде түпкілікті келісімге қол жеткізуге бағытталған жол картасын мақұлдады. Техникалық деңгейдегі талқылаулар апта соңына дейін жалғасады.
Тараптар сондай-ақ Ливандағы қақтығыстарды тоқтату тетігін әзірлеуге және Ормуз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы байланыс арнасын іске қосуға келісті.
Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчидің айтуынша, келіссөздер барысында Иран мұнайы мен мұнай-химия өнімдерінің экспортына қатысты кейбір шектеулерді алып тастау, бұғатталған активтердің бір бөлігін босату және елді қалпына келтіру бағдарламасын бастау жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілген.
Дегенмен келіссөздер күрделі жағдайда өтті. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иран Ормуз бұғазын қайта жабуға әрекеттенсе, қатаң жауап болатынын мәлімдеген еді. Осыдан кейін ирандық делегация бірқатар талаптарының орындалуын талап етіп, келіссөздерді уақытша тоқтатқан.
Иран тарапы АҚШ-тан бұғатталған қаржыны қайтаруды және ирандық мұнай экспортына рұқсат беруді талап етуде. Бұл мәселелер бойынша келіссөздер алдағы күндері жалғасады.
Бұған дейін жасалған уақытша келісімге сәйкес, Ормуз бұғазы ашық болып, аймақтағы әскери қақтығыстар тоқтатылуы тиіс еді. Алайда Иран АҚШ өз міндеттемелерін толық орындамады деп есептеп, бұғаздағы теңіз қозғалысына қайта шектеу енгізгенін мәлімдеді.