Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылында болған жантүргішерлік жол апатына қатысты сот үкімі шықты деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Александр Пакқа қатысты сот үкімі оқылды. Судья оған 10 жыл жаза мерзімін кесті. Сондай ақ, оны өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырды.
Сот жол апатында қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесінің азаматтық арызын ішінара қанағаттандырды. Бұған дейін қорғау тарапы 100 миллион теңге моральдық-материалдық өтемақы талап еткен. Сот үкіміне сәйкес, Пак Томиристің әкесіне 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Заңгер Мейірман Шекеев соттан кейін журналистерге үкіммен келісетінін айтты. Ол “тағылған айыпқа сай, сот ең ауыр жаза тағайындады” деді.
АЙЫПТАУ
Айыптау актісіне сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак жол апаты болған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X көлігін тізгіндеп, әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатқан.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол мас күйде болған, жол қозғалысы ережелерінің бірден бірнеше тармағын бұзған, қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған, қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан.
Александр Пактың қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталған. Сондай-ақ соттың автотехникалық сараптама дерегінше, соқтығыс сәтіне дейін Zeekr X көлігінің жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болған.
– Жол апаты салдарынан оқиға орнында Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі, 1996 жылы туған Еламан Тілемісов және оның екі жолаушысы – 2003 жылғы Құмар Теңеубаева мен 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек қаза тапты, – делінген айыптау актісінде.
Күдікті Александр Пакке қылмыстық кодекстің 345-1 4-бабы бойынша айып тағылған.
ЖОЛ АПАТЫ
21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби және Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Zeekr Xавтокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, кейіннен қалалық полиция департаментінің бірнеше лауазымды шендісі қызметінен кеткен.
Сол уақытта желіде әл-Фараби көшесінде Қымбат көліктер мемлекеттік нөмірін ауыстырып, қалада жарыс ұйымдастырады деген ақпарат тараған.