Ақтөбе облысында мейрамханаға барғаннан кейін 100-ден астам адам ішек инфекциясы белгілерімен медициналық көмекке жүгінген. Бұл ақпаратты өңірдің денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Ведомство мәліметінше, науқастар 19 маусымнан бастап ауруханаға түсе бастаған. Олардың барлығы Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында өткен банкетке қатысқан.
«19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық және облыстық клиникалық инфекциялық ауруханаларға ішек инфекциясы белгілерімен 102 науқас жатқызылды. Олардың 34-інде сальмонеллездің ықтимал жағдайы тіркелді. Жағдай тұрақты бақылауда», – делінген хабарламада.
Науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Мамандар байланыста болған адамдарды анықтап жатыр, медициналық ұйымдарға шұғыл хабарламалар жіберілген. Дәрігерлер бактериологиялық зерттеу үшін материалдар алған. Үйлестіру үшін жедел штаб құрылып, ауданға қосымша медициналық бригадалар жіберілген.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде науқастардың дәлізде жатқызылғаны туралы тараған ақпаратты басқарма жоққа шығарды.
Оқиғаға байланысты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы да тексеру жүргізіп жатыр. Мамандар тағам мен қоршаған ортадан сынамалар алған. Тексеру аяқталғанға дейін мейрамхана уақытша жабылған.
Сальмонеллез – Salmonella бактериясы арқылы таралатын жедел ішек инфекциясы. Ол көбіне дұрыс өңделмеген немесе сақталмаған ет, тауық еті, жұмыртқа және сүт өнімдерін тұтыну арқылы жұғады.