Жамбыл облысында күйеуінің көлігін бүлдірген әйелге 151 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тогығырақ
Жамбыл облысының Сарысу аудандық соты күйеуінің автокөлігін қасақана бүлдірген әйелге 151 мың теңге көлемінде айыппұл салды.
Сот мәліметінше, оқиға 2026 жылдың маусым айында Жаңатас қаласында болған. Жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған әйел жанжал кезінде тұрғын үйдің жанындағы автотұрақта тұрған жұбайына тиесілі BMW маркалы автокөліктің әйнегін әдейі сындырған.
Сот барысында әйел өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, жұбайынан кешірім сұраған. Ал жәбірленуші оған ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, кешіргенін жеткізді.
Сот кінәні мойындауы, жасаған ісіне өкінуі, құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескеріп, айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты.
Нәтижесінде әйел Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 151 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.